Атырау облыстық мәслихатының депутаттары арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарын аралады
Атырау облыстық мәслихатының төрағасы Мұса Хайруллиев бастаған бір топ депутат Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты №1-ші және №2-ші орталыққа барып, тыныс-тіршілігімен танысты, деп хабарлайды Өңірлік Коммуникациялар қызметі.
Халық қалаулылары алдымен Сарайшық ауылындағы №1 Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының жұмысымен танысты. 18 жастан асқан психоневрологиялық ауытқуы бар ересектерге арналған орталық 2000 жылы қолданысқа берілген. Мұнда нысанның сыйымдылығына сай 310 науқас орналастырылған. Оның 120-сы ақыл-ойы терең зақымданған науқас санатында. Оларға бір уақытта бес қызметкер қызмет көрсете алады. Ғимарат ішінде 100 орындық асхана, тамақ, ет қоймасы, ата-аналар бөлмесі және науқастарды оқшаулау бөлмелері қарастырылған. Алайда, ескі ғимарат жаңа стандартқа сәйкес келмейді.
— Қазір орталықта барлығы 190 қызметкер бар. Қажет болған жағдайда бір науқасқа бір уақытта бірнеше қызметкер қызмет етеді. Науқастарды қоғамға бейімдеу, еңбекке баулу жұмыстары үздіксіз жүргізіліп отырады. Тамақтары да стандартқа сәйкес беріледі. Тамақ сақтау қоймалары қажетті температурадан түспейді. Бәрі бақылауымызда. Бірақ, ескі ғимарат іші жаңа стандартқа сәйкес келмейді. Оның үстіне тозығы жеткен нысанның жаңбыр жауса шатырынан су кетеді. Мұндай келеңсіздіктер науқастардың да денсаулығына кері әсерін тигізеді. Бұдан бөлек, орталыққа әкімшілік ғимарат қажет. Өйткені, қызметкерлерге бөлмелер жетіспейді. Осы қажеттілігіміз маслихатта қаралса екен дейміз,– деді орталық басшысы Гүлнар Зинеденова.
№1 Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының ішкі жұмысына депутаттар оң баға беріп, ғимараттың күрделі жөндеу жұмысына қаржы қаралатынын айтты.
Ал, қаладағы ерекше күтімді қажет ететін балаларға арналған №2 Арнаулы қызмет көрсету орталығы барлық стандартқа сай жасақталған. Мұнда тіпті балаларға арналған арнайы бөлмелер де қайта жаңғыртылған.
-Орталықтан психоневрологиялық ауытқуы бар 3-18 жас аралығындағы 73 бала қызмет алады. Олармен арнайы мамандар жұмыс жасайды. Қажетті дәрігерлер де жеткілікті. Жергілікті мұнай компаниялары мен кәсіпорындардың және еріктілердің демеушілігімен сенсорлық бөлме, ойын алаңы, жылыжай, қышпен жұмыс жасау бөлмесі, тігін шеберханасы, ойын бөлмелері жасақталды. Енді өздеріңіз білесіздер, науқас балалардың иммунитеті төмен болады. Осыны ескеріп, тұз шахтасын орнатып берулеріңізді сұраймыз,– деді орталық басшысы Анар Каюпова.
Балалардың жағдайын көзбен көріп, мекеменің ішкі тынысымен танысқан депутаттар орталық басшылығына ризашылығын білдірді.