Атырау облыстық ауруханасында оттегі цехы салынуда (+ВИДЕО)
Atr.kz/12 тамыз, 2020 жыл. Салынып жатқан цех құрылысы биылғы жылдың қыркүйек айының соңында аяқталып, пайдалануға беріледі, деп хабарлайды Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Қабдықапаровтың айтуынша, екінші кезекте Атырау облыстық кардиологиялық орталығында және облыстық №2 ауруханасында оттегі цехын жасақтау жоспарланған.
«Оттегі желісінің күші қанша науқасқа жететінін, тиімділігін жан-жақты ойластырудамыз. Аудандар бойынша Махамбет ауданындағы 100 кереуеттік инфекциялық стационарда 12 оттегі нүктесі тартылған болатын, алдағы уақытта олардың санын көбейтуді жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, Құрманғазы орталық ауруханасында жаңадан салынып жатқан ауруханаға да оттегі жүйелерінің нүктесі толықтай тартылады. Одан кейін Қызылқоға, Мақат, басқа да аудандарға оттегі желілерін тартуды жоспарлаудамыз», — дейді Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Қабдықапаров.
Атырау облыстық ауруханасының бас дәрігері Ербол Иманғалиевтың айтуынша, дербес кислородтық цех іске қосылған жағдайда, балон тасымалдауға қажеттілік болмайды.
«Бұған дейін Атырау облыстық ауруханасында дербес кислород тасымалын жүзеге асыратын 60 нүкте болған еді. Бірақ, эпидемиологиялық ахуал ушыққан өткен айларда кислородтық 60 торап аздық етті. Ал, салынып жатқан оттегі цехы аурухананы кислород тарататын 300 нүктеге дейін қамтамасыз етеді. Оның ішінде, оттегінің 260 нүктесі аурухананың жаңа ғимаратына тартылып отыр. Дербес кислородтық цех өздігінен оттегі өндіреді. Осылайша, кислородтық балон тасымалдауға қажеттілік болмайды. Қазіргі уақытта аурухананың провизорлық стационарында кислородтық балондар тасымалданып жатқан жоқ. Себебі, коронавирус инфекциясымен емделіп жатқан науқастар саны азайды» дейді Атырау облыстық ауруханасының бас дәрігері Ербол Иманғалиев.