
Атырау мұнай өңдеу зауытында Әз-Наурыз тойланды
«АМӨЗ» ЖШС ұжымы биыл да Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесін ерекше көңіл күймен қарсы алды. Кәсіпорынның 80 жылдық мерейтойы мен Жалпыұлттық Наурызнама онкүндігі аясында қызметкерлердің қатысуымен мәдени-спорттық шаралар өтіп, ұжымның бірлігі нығая түсті.

Мерекелік шаралар легі ежелгі дәстүр — Көрісуден басталды. Зауыт аумағында құрылған этноауылда еңбеккерлер бір-бірімен қуана қауышып, аман-саулық тілесті. Ал өндірістік нысандар мен әкімшілік ғимараттар айналасын тазартуға бағытталған экологиялық тимбилдингке 100-ге жуық қызметкер қатысты. 17 наурызда жас мамандар кеңесінің ұйымдастыруымен «AMOZIUM Nauryz Edition» интеллектуалдық сайысы, сондай-ақ «Ізгілікке үлес қос» қайырымдылық акциясы өтті. Қаладағы спорт кешендерінде кәсіпорын қызметкерлері мен ардагерлері арасында садақ ату, асық ату, арқан тартыс, қазақ күресі мен дойбыдан дәстүрлі турнир ұйымдастырылды. Мұнай өңдеушілер қала орталығында өткен ұлттық киімдер шеруіне де қатысып, мәдени мұрамыздың маңызын айшықтай түсті.

Ұлыстың ұлы күнін тойлау аясындағы басты мерекелік шара 20-шы наурызда өтті. АМӨЗ қызметкерлері этноауылға көптеп жиналып, мерекенің мерейін асқақтатты. Дүйім жұрт зауыт өнерпаздары мен жергілікті әртістер әзірлеген концерттік бағдарламаны зор ықыласпен тамашалады. Әсіресе есеп беру бөлімі мамандарының ән шашуы мен жастардың заманауи биі көптің көңілінен шықты.

Іс-шарада сөз алған «АМӨЗ» ЖШС Бас директорының жалпы мәселелер жөніндегі орынбасары Сәлімжан Нақпаев жиналғандарды ұлыс тойымен құттықтап, Наурыз – күллі қоғамды ұйыстыратын негізгі құндылықтарымыздың бірі, ал оны жаңаша форматта атап өту – рухани болмысымызды жаңғыртудың айрықша мүмкіндігі екенін айтты.
Мерекелік шара барысында спорттық турнир жүлдегерлері, «Үздік ұлттық киім» номинациясының жеңімпаздары мен зауыттың белсенді жастары марапатталды.
«АМӨЗ» ЖШС Баспасөз қызметі