Атырау масамен қалай күресуде?
Аtr.kz/3 маусым, 2020 жыл. Атыраулықтар үшін масамен күрес – қашан да күн тәртібінен түспейтін өзекті мәселенің бірі. Сондықтан да, жыл сайын көктемде және күзде оған қарсы дезинфекциялық шаралар жүйелі түрде ұйымдастырылып отырады.
Осы міндетті мойнына алған мердігер мекеме – «AG Disinfektion services» ЖШС-нің биолог-энтомолог маманы Айнагүл Дәулетиярова жылдағы қалыптасқан дәстүр бойынша, бұл бағыттағы жұмыстардың наурыз айының 25-інде басталғанын мәлімдеді. Атырауда негізінен масалардың өсіп-өнетін, табиғи көбею о ш а ғ ы с а н а л а т ы н б е с учаске бар.
О л а р : С а р ы ө з е к т е г і кәріз суы құйылатын, Атырау мұнай өңдеу зауыты аумағындағы техникалық және өндірістік мақсатқа пайдаланылған шайынды су төгілетін орын, «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватына қарасты Каспий маңы жағалау алаңдары және қаланы айналып өтетін «Ерік- Мостовой» каналы. Бұл учаскелер кәсіпорынның тұрақты бақылауына алынған. Залалсыздандыру шаралары да бірінші кезекте осы учаскелерде жүзеге асырылады. Оған қоса, шаһардағы 1 200-ге жуық көпқабатты үй мен олардың аумағы, балалардың ойын алаңқайлары мен аялдамалар, сондай-ақ, қалаға қарайтын ауылдық елді мекендер де қамтылады.
Серіктестік өкілінің айтуынша, биылғы маусымда масаға қарсы күрес жұмыстарына жергілікті бюджеттен 37 млн. теңге қаражат бөлініпті. Мекеме бойынша жоспарланған залалсыздандыру жұмыстарын атқаруға бес бригада, 43 дезинфектор, сегіз бірлік автокөлік пен арнаулы техника- құрылғылар тартылған. Атап айтқанда, жел және түтін генераторлары, бір-бірден су тасушы көлік пен трактор бар. Осылардың көмегімен мамандар жертөлелерде, ылғалды, батпақты жерлерде масаға қарсы дезинфекциялау жұмыстарын жүргізеді. Соның ішінде, үш бригада күн сайын сағат таңертеңгі 9.00- ден кешкі 18.00 аралығында жұмыс жасаса, қалған екеуі түнгі мезгілде жалғастырады.
Мамандардың пікірінше, маусым айы басталғанымен, салыстырмалы түрде алғанда, ауа райы әлі де қоңыр салқын болып тұр. Температура көтеріліп, күн бұдан гөрі сәл ысып кететін болса, жоғарыда келтірілген табиғи ошақтарда жинақталған қансорғыштардың миллиард- таған дернәсілдерінен пайда болған масалар күрт көбейіп кететін көрінеді. Міне, дәл осы кезеңде олардың шабуылы да үдеп, мазаны алатыны бар. Сол себепті де, мұндай жағдайдың қайталануына жол бермес үшін дезинфекторлар бірінші кезекте табиғи су қоймаларын химиялық препараттармен өңдеп, масалардың өсіп-өнуін тоқтатуға күш салуда.
Бұдан бөлек, серіктестік қызметкерлері коронавирус індетімен күрес бағытында жоспарланған дезинфекциялық жұмыстарға да тартылған. Осылайша, олар облыс орталығындағы бірнеше көше мен өзге де нысандарды белгіленген кесте бойынша залалсыздандырумен айналысады.
Ескерер бір жайт, мезгілімен улап, жойып отырмаса, масалар адамдарға ғана емес, жеке сектор тұрғындарының иелігіндегі малдар мен үй жануарларына да орасан залалын тигізетіні тәжірибеде дәлелденген. Осы орайда, зоотехник мамандардың деректеріне сүйенсек, масаға таланып, одан айтарлықтай зиян шегудің салдарынан сауын сиырлардан алынатын сүттің көлемі 50 пайызға дейін төмендеп кетеді.
– Жасыратыны жоқ, бір кездері көпқабатты үйлердің жертөлелері шірінді сасық суға толып, қысы-жазы құрғамайтын уақыттарда масалардың қауіптілігі қала аумағындағы ашық су қоймаларындағыдан да күштірек болатын. Кейіннен терможаңғырту бағдарламасы шеңберінде ескі үйлерге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген соң жағдайды біркелкі жеңілдетудің жолы табылды. Десек те, бұған қарап, масалармен күресте қордаланған проблемалар түпкілікті шешілді, қиындықтан біржола құтылдық деп түйін жасауға негіз жоқ. Рас, жаныңды алмаса да, қаныңды сорып алатын, салдарынан адамның денесінде түрлі жарақаттар мен тері аурулары пайда болатын қатерлі кеселмен ымырасыз күрес жүргізіп, сақтану мақсатында біздің дезинфектор мамандарымыз жылдан жылға химиялық препараттардың, соның ішінде, масаға қарсы әрекет ету қабілеті басымырақ болып табылатын инсектицидтердің агран, циперметрин, медилис ципер сияқты жетілдірілген түрлерін қолдануда, — деді сөзінің соңында Айнагүл Дәулетиярова.
Иә, мамандар осылай деп мәлімдеп, жасап жатқан қарекеттерінен хабардар еткенімен, нақты жағдайдың әнебір керемет болып кетпегені кәміл. Жекелеген қала тұрғындары масаның әлі де маза бермей тұрғандығын, қансорғыштардың кесірінен кешкілік мезгілде көшеге шығып, с е р у е н д е у д е н қалғанын айтады. Улау жұмыстары уақытылы жүргізілгенімен, одан айтарлықтай азайып, түп- тамырымен жойылып кетіп жатқан жәндік көрінбейді. Жыл санап тұрғын үйлердің қатары артып, қала аумағы өсіп келеді. Оның үстіне, жасыл-желек те көбеюде. Су құбырларының жарылуы мен дренаж жүйесінің қалыпты жұмыс жасамауы салдарынан көше бойындағы көлшіктерден де арыла алмай келеміз. Сайып келгенде, осының бәрі ылғалды жерге үйір масалардың өсіп-өнуіне қолайлы жағдай туғызатынын естен шығармағанымыз абзал.
Дәулетқали АРУЕВ