АТЫРАУ МӘДЕНИЕТІНІҢ «ІНЖУ-МАРЖАНДАРЫ» (+фоторепортаж)

fb img 1650702001509 Жаңалықтар

Бүгін – 2022 жылдың 22 сәуірінде арқалы Атырау елі кезекті рухани кештің көзайымы болды.

Дүйім жұрт би ханшайымдарының өнеріне тәнті болмаққа өңір мәдениетінің қара шаңырағы Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрына жиналды. Өнерсүйер көрерменге Н.Жантөрин атындағы Атырау облыстық филармониясы жанындағы «Інжу-Маржан» би ансамблі есептік гала-концертін тарту етті.

♦ Айтса айтқандай, сылқым сұлулардың сахнадағы кәсіби шеберліктерін, әртістік қабілеттерін, көздің жауын алардай әсем бейнелерін көре отырып, олардың расымен өңір мәдениетінің інжу-маржандары екендігіне шек келтірмейсің.

♦ Бұл – өнер ұжымының осыдан тоғыз жыл бұрын филармония қабырғасына келгелі бері алғашқы халық алдында есеп беру кеші. Аталмыш кеште биыл туғанына 110 жыл толатын қазақ би өнерінің падишасы Шара Жиенқұлова және Дәурен Әбіров, Зауыр Райбаев сынды корифейлерден қалған бишілік дәстүрлі лайықты жалғастырып келе жатқан ансамбльдің жұлдызы жарқырады.

♦ Жиырма екі жылдық тарихы бар, бас-аяғы 20 би әртісі өнер көрсететін «Інжу-Маржандықтар» концерт барысында филармонияның Қ.Ахмедияров атындағы «Нарын» халық аспаптар оркестрі және «Мұрагер» фольклорлық ансамблінің сүйемелдеуімен Абай, Құрманғазы, Ақан сері, Н.Тілендиев, А.Жайымов, Е.Брусиловский, Б.Қохаманов, М.Бердіқұловтардың ән-күйлеріне қойылған және фольклорлық-этнографиялық халық билерін сахнаға алып шықты. Одан бөлек, филармония солистері де өз нөмірлерімен кештің көркін қыздырды. Лық толы залға жиналған көпшілік те бағдарламаның басынан аяғына дейін қошеметін, ыстық ықыластарын аяған жоқ.

♦ Халықаралық және республикалық конкурс-фестивальдардың лауреаты «Інжу-Маржан» би ансамблінің негізін қалаушысы әрі жетекшісі – Гүлвира Тұрақбаева. Ол – шығармашылыққа жан-тәнімен берілген өнердің өз адамы. Соның дәлеліндей, қыздар ұжымы әр жылдары Ресей, Италия, Польша, Франция, Оңтүстік Корея, Португалия, Малайзия, Египет, Катар және Түркия сынды елдерде биден шашу шашып, қазақ биінің әлем алдында абыройының асқақтауына, дүние жүзі халықтары арасында насихатталуына қомақты үлес қосып келеді.

♦ Есептік гала-концертте Гүлвира Қалыбайқызының және ансамбль мүшелерінің тарапына айтылған тілек-лебіздер көп болды. Ол қатарда облыс және қала әкімдерінің, хореограф-ұстаз Талғат Ғатауовтың құттықтауларын айта аламыз. Дейтұрғанмен, ансамбльдің, жеке Г.Тұрақбаеваның жақын жанашыры, ҚР Мәдениет қайраткері Мнаура Габдушеваның айтқан ойы ерекше тебіреністі болды. «Осындай жоғары деңгейде хореграфтарды қолдаушылар тым аз. Бүгінгідей жанды орындауда оркестрдің сүйемелдеуімен бишілердің композицияларды қоюы – тіпті тұтас ел көлемінде жиі орын ала бермейтін құбылыс. Ал, Гүлвира – сирек кездесетін талант, «Алмаз» десе де болады. Ол қашан да табандылығымен, еңбекқорлығымен көзге түседі. Бұндай адамдардың алдында басымды иемін» деп толқи тұрып сөйлеген сөзін М.Төлегенқызы алдағы жылдары ансамбль құрамын ерлермен толықтыру жөнінде ұсынысымен аяқтады.

⏺ Шара соңында осынау кештің басты кейіпкерлері – «Інжу-Маржан» би ансамблінің жетекшісі мен би әртістеріне Н.Жантөрин атындағы Атырау облыстық филармониясы басшылығы мен ұжымының арнайы алғыс хаттары табыс етілді.

Үй-үйге тарасқан жұртшылық болса – риза көңілмен өлмес өнердің құдіретіне тағы бір мәрте көз жеткізіп қайтты…

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз