Жаңалықтар
Атырау кәсіпкерлері құлпынай алқабына қайықпен қатынап жүр
Атырау қаласының кәсіпкері Дәулет Ғарифолла құлпынай өсіреді. Ол су тасқыны шаруагерлерге де қиындық туғызып тұрғанын айтты, — деп хабарлайды облыстық төтенше жағдай жөніндегі жедел штаб.
Оның құлпынай алқабы Махамбет ауданы Жалғансай ауылының маңындағы егін алқабында орналасқан. Алқап маңындағы жайылмалар Жайықтың суына толғандықтан, кәсіпкерлер егістікке қайықпен қатынап жүр.
— Біз осы көктемде құлпынай егіп едік. Бұл аумақты су басады деп еш ойлаған жоқпыз. Қазір күніне 2-3 мәрте құлпынай тасимыз. Атырау қаласына 60-100 келілеп жиналған жемісті әкеліп, оны өз сауда нүктелерімізде сатамыз, — дейді кәсіпкер.
Оның айтуынша, құлпынай алқабына бөлінген жердің жалпы ауданы 50 гектарды құрайды. Кәсіп иесі биыл тек 0,5 гектар жерге жеміс еккен.