Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

Атырау кәсіпкерлері нан бағасын өсіруге мәжбүр

Atr.kz/18 қазан, 2019 жыл. Бұл туралы 18 қазан күні өткен брифингте нан өнімдерін өндірумен және сатумен айналысатын кәсіпкерлер мәлімдеді, деп хабарлайды Атырау өңірлік коммуникациялар қызметі.

Облыстың нан өнімдері нарығындағы негізгі ойыншылардың бірі ЖК «Азмуханов» директоры Талғат Қощанов, бұл әрекетті мәжбүрлі шара деп санайды.

— Біз астықты аймақ емеспіз. Біз, тіпті, ұн да шығармаймыз. Барлық ұн сырттан әкелінеді. Бүгінгі күні шығарылатын нанның өзіндік құны 85,3 теңгеге тең келіп отыр. Сосын да, нанның бағасын өсіруге мәжбүрміз. Біз сауда нүктелеріне 90 теңгеден жібереміз, олар 95 теңгеден сататын болады, — деді, Т.Қощанов. – Біз астықты аймақ болмасақ та, біздегі нан бағасы ел бойынша ең төмен. Басқа облыстарда, мәселен, нан бағасын 100 теңгеге дейін, кейбір өңірлер, тіпті, 110 теңгеге дейін көтеріп жіберді.   

Оның сөзінше, бүгінгі күнге дейін Атырауда әлеуметтік нан бағасы ең төмен болды. Көптеген наубайханалар шығынмен жұмыс істеді. Әлеуметтік нан бағасының өсуі барлық аймақтарда орын алып отыр. Әлеуметтік нан дайындалатын  жоғары сұрыпты ұнның бағасы 140 теңгеден асады. Бұл – астық бағасының қымбаттауынан туындап отыр.

Мұндай үрдіс өткен жылы да, ағымдағы жылдың басында да байқалған болатын. Наубайхана өкілдері нан бағасы келер аптаның басында жоғарылайтынын мәлімдеді. Алайда, нан өнімдерін өндіретін және сататын компаниялардың барлығы бірдей нан бағасын бірден өсіруді көздеп отырған жоқ.

Мысалы, «Дәулет Нан» ЖШС-і нан бағамын 75 теңге көлемінде осы айдың аяғына дейін ұстап тұруды уәде етті. Маркетинг бөлімінің басшысы Ирина Колесникова мәлімдегендей, компанияда әзірге бұрынғы бағамен алынған ұн қоры бар. 

— Айдың аяғына дейін баға баяғыша болады. Одан кейін бағаны өсіреміз. Бірақ, шыны керек, дәл қазір нақты қанша пайызға жоғарылататынымыз туралы шешім қабылданбады, — деді, И.Колесникова. 

Қалалық әкімдіктің кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімі басшысы Руслан Дәулетовтың сөзіне сүйенер болсақ, қазіргі таңда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру механизмін жүзеге асыру тәртібін бекіту туралы Атырау облысы әкімдігінің қаулысы дайындалып жатыр.

— Аталған тәртіп негізінде «Атырау» ӘКК  арқылы өз наубайханалары бар кәсіпкерлік субъектілеріне, сауда желілеріне жеңілдетілген қарыз берілетін болады. Олар өз кезегінде, белгілі бір тауарлар мен олардың бағасы бойынша, өздеріне міндеттемелер алады. Мәселен, ұн, нан өнімдеріне. Сәйкесінше, халықта таңдау болады. Аталған сауда желілерінде нан бағасы төмен болады, — деді, Р.Дәулетов. – Әкімдік қаулысы әділет органдарымен келісу сатысында. Қаулығы қол қойылғаннан кейін, ол заңды күшіне енеді.  

Бүгінгі таңда облыс аумағында отыздан астам наубайхана жұмыс істеп, олар тәулігіне 50 мыңға дейін нан өнімдерін шығарады.  

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button