АТЫРАУ АУЫЛДАРЫНДА МАЛ ҚЫРЫЛЫП ЖАТҚАН ЖОҚ

whatsapp image 2021 07 14 at 19.11.24 Жаңалықтар

«Исатай ауданындағы ауылдарда су іздеген малдар арам өліп жатыр» деген ақпаратты аудан әкімі жоққа шығарды, деп хабарлайды Атырау облысының өңірлік коммуникациялар қызметі.

«31» телеарнасы Исатай ауданындағы бірнеше ауылда канал суы тартылып, жылқы мен ірі қара арам қатып жатқанын хабарлаған болатын. Осыған орай, біз аталған аудан әкімі Полымбет Хасановқа арнайы хабарласып, мәселенің мән-жайын сұрастырдық. Сөйтсек, ауданда канал және котловандағы су деңгейінің аздығы аңықталды, бірақ жаппай мал өлімі орын алмаған болып шықты. Демек, телеарна таратқан ақпарат та жалған деген сөз.

Аудан басшысының айтуынша, телеарна тілшісі Жанат Молдашева алдымен «фейсбук» желісіне бір тұрғыннан келіп түскен фотосуреттерді жариялаған екен.

«Біз сол жазбаға комментарий жазу арқылы әлеуметтік желідегі суреттерді кімдер жібергенін және мал өлімі нақты қай жерде орын алғанын сұрадық, ешқандай жауап болмады. Келесі күні дереу менің орынбасарым мамандармен бірге Нарын каналының бойын және Манаш котлованын көзбен көріп қайтты. Рас, асып-тасып жатқан су болмағанымен, бірақ мал суаруға жетерлік. Ал, жаппай қырылып жатқан мал дерегі тіркелген жоқ. Тек екі-үш жерден ғана каналдың батпағына батып, болмаса, ауырып өлген малдың өлексесін кезіктіруге болады. Егер су қазандығына көптеген мал келіп су ішетінін ескерсек, бұл да әдеттегі жағдай. Бұл туралы да телеарнаға толық түсінік бердік. Бірақ, эфирден басқаша ақпарат айтылды» деп түсіндірді Полымбет Максимұлы.

Сондай-ақ, аудан әкімі шешімін күткен мәселелер де бар екенін қосымша айтып өтті.

– Аудан аумағы шөлейтті, жері құнарсыз және сортаң болып келеді. Соңғы жылдары қар мен жауын-шашын аз мөлшерде түсуде. Бірақ, биылғы көктемде жаңбыр мол жауып, жайылымдық жерге жақсы жағдай туды. Құм өңірінен басқа елдімекендер малы Каспий теңізінің жағалауы мен Жайықтан бастау алатын аудан аумағындағы каналдардан су ішеді. Ондағы су деңгейі бірқалыпты. Әйтсе де, қайталап өтейін, Манаш котлованындағы су деңгейі төмендеу. Каналдарға ұзақ уақыт күрделі жөндеу жүргізілмеген, су өткізу деңгейі өте төмен. Солардың бірі – аудандағы ең ірі Нарын каналы. Ол «ҚазСушар» мекемесінің теңгерімінде. Бұл канал Махамбет ауданындағы Сарытоғай ауылынан басталып, Исатай ауданы аумағындағы төрт ауылдық округтен өтіп, Нарын ауылдық округіне дейін барады. Сондықтан, «бірнеше ауылдың малы қырылып жатыр» деген – ешқандай дәйексіз әңгіме, – дейді аудан басшысы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз