Атырау әуежайында жолаушылар тепловизормен тексеріліп жатыр
Atr.kz/19 наурыз, 2020 жыл. Бұл туралы Атырау қаласының әкімі Қайрат Оразбаев өзінің Фейсбук желісіндегі парақшасында айтты.
«Еліміздегі төтенше жағдайдың талаптарына сәйкес теміржол вокзалында, әуежай, барлық халыққа қызмет көрсету орталықтарында, сонымен қатар қоғамдық көліктер мен аялдамаларға дезинфекция жұмыстары жүргізілуде.
Әуежайда арнайы жылу өлшегіш құрылғы (тепловизор) ұйымдастырылып, келген жолаушыларға бақылау жүргізілуде. Теміржол вокзалы да тиісті жұмыстарды жүргізуі керек.
АТЫРАУ ОБЛЫСЫНДА КОРОНАВИРУС ТІРКЕЛГЕН ЖОҚ» делінген Қайрат Оразбаев жариялаған постта.
Қазіргі уақытта кешенді дезинфекциялау жұмыстарына («Атырауская областная дезинфекция» ЖШС, «AG Disinfection Servise» ЖШС, «ПрофМед» ЖШС, «Жансая ЛТД», ЖШС, «Оркен-Вест» ЖШС, «Эмилия» ЖШС, «Проф-дез-Центр» ЖШС ) мамандандырылған мекемелері тартылды.
Сонымен бірге, Атырау қалалық әкімдігі медициналық бетперде мәселесіне байланысты келіссөздер жүргізіп жатыр.
«Қазіргі таңда жоспарлы түрде 3000 бетперде (маска) шығаруға мүмкіндігі бар 12 мекеме бар. Бұл бетперделер барлық тұрғындар үшін жеткіліксіз, тек тұрғындар ең көп баратын мекемелердің қызметкерлеріне ғана жетеді, алайда қосымша келіссөздер жүргізілуде» деп атап өтті өз жазбасында Атырау қаласының әкімі Қайрат Оразбаев.
«Қаланың мемлекеттік мекемелерінде қашықтан жұмыс жасау әдістері қолданылады, нормативтік нұсқауларға сәйкес жұмыс істейді, барлық функционалдық міндеттер орындалады, халықтың шағымдары мен ұсыныстары әлеуметтік желілер мен телефондар арқылы қабылданады. Барлық өзекті мәселелерге жауап береміз» деп нақтылады постын Атырау қаласының әкімі Қайрат Оразбаев.
Баян ЖАНҰЗАҚОВА