Атырау
халықаралық әуежайына Халық қаһарманы Хиуаз Доспанованың ескерткіші орнатылды.
Дүйсенбі күні салтанатты жағдайда ашылған атаулы рәсімге Атырау облысының әкімі
Нұрлан Ноғаев бастап, ұлтымыздың зиялы қауым өкілдері арнайы қатысты.
Хиуаз
Доспанова Құрманғазы ауданының тумасы. Жұмысшы отбасынан шыққан қыз бала
күнінен ұшқыш болуды армандайды. Соғыс
басталған жылдары Мәскеудегі Жуковский атындағы әскери-әуе академиясына
қабылданбай қалса да, медицина институтынан алған білімімен тылда еңбек етіп,
кейін ұшқыштар дайындайтын училищеге түседі. Өрімдей жас қыздың қайсарлығына
тәнті болған атақты ұшқыш әйел Марина Раскова сол кезде-ақ оған зор үміт
артқан. Есімдері кең тараған ұшқыш әйелдер Гризобудова, Осипенко, Расковаларға
еліктеген Хиуаз Доспанова үмітті ақтайды.
Жаумен
аспандағы шайқаста 300 рет әуеге көтерілген Хиуаз ұшақтан 14 рет құлапты. Төрт
мәрте ауыр жарақат алып, есін жиысымен ұрыс даласына қайта оралып отырған.
Жаумен шайқаста қазақтың қаршадай қызы Марина Раскова басқарған 46-гвардиялық
түнгі бомбалаушы – ұшқыштар полкінде штурман қызметін абыроймен атқарды.
Том-том кітаптар мен сериялық фильмдерге арқау болатын
аңыз қыз – Хиуаз Доспанованың ескерткішін ашу салтанатына арнайы қатысқан
Атырау облысының басшысы Нұрлан Ноғаев айрықша датаның тарихта мәңгі қалатынын
атап өтті.
«Ел басына күн туған сәтте сонау Тұмар ханшадан бастап,
Әлия, Мәншүк, Хиуаз апаларымыз ерлермен бірге атқа қонды. Және олар қан
майданда жүріп Отанды сүюдің ерекше үлгісін көрсетті. Еліне ескерткіш болып
«оралған» Хиуаз Доспанованың есімі мәңгі жасай береді» деді облыс басшысы
Нұрлан Ноғаев.
Осылайша, қазақтан шыққан тұңғыш штурман-ұшқыш Хиуаз Доспанованың ескерткішін салтанатты жағдайда ашу құрметі жергілікті ардагерлер кеңесінің төрағасы Қатимолла Ризуанов, облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Мұрат Өтешов, батыр қыздың інісі Ертарғын Доспанов және бастамашыл топ жетекшісі Тұрсын Қалимоваға бұйырды.
Салтанатты
шара барысында бір топ азаматқа Хиуаз Доспанова атындағы медаль тапсырылды.
Олардың арасында ескерткіш композициясының авторы Бақытбек Мұхамеджанов,
«Парасат» орденінің иегері Ханбибі Есенқарақызы, жазушы Сара Латиева,
«Қазақстан» ұлттық арнасының продюсері Жаңылхан Асылбекова, бастамашыл топтың
белсенді мүшесі Әлия Бекқожиева бар.
Ескерткіштің
биіктігі тұғырымен есептегенде 5,5 метр болады. Айрықша туындының авторы Бақытбек Мұхамеджанов
ескерткішті жасап шығаруға бір жылдан астам уақыт кеткенін айтады. Қола мен
граниттен құйылған өнер туындысы осылайша Атыраудың халықаралық әуежайына
айрықша сән беріп тұр.