
АТЫРАУ ӘУЕЖАЙЫ ТОСЫН ЖАЙТТАРҒА ДАЙЫН (+ФОТОРЕПОРТАЖ)
Аtr.kz/29 сәуір, 2019 жыл. Әуе қатынасы кезінде аса қауіпті жұқпалы ауруға күдікті науқас адам анықталса қандай және қалай әрекетке бару керек? Осы кезде жасалуы қажет жедел алдын алу және эпидемияға қарсы жүргізілетін әрекеттер Атырау қаласының халықаралық әуежай аймағында ұйымдастырылған оқу-жаттығу шарасында пысықталды.
Көліктегі қоғамдық денсаулық сақтау Департаментінің бастапқы эпидемияға қарсы іс-шаралар жоспарына сәйкес жылына бір рет өткізілетін ауқымды іс-қимыл шарасына биылғы жылы облыстық денсаулық сақтау басқармасы, облыстық қоғамдық денсаулық сақтау және ішкі істер Департаментінің өкілдері және Атырау қаласының халықаралық әуежай қызметі мамандары қатысты.




Бұл оқу-жаттығу кезінде шартты түрде бір адамнан аса қауіпті жұқпалы – белгісіз қызба ауруының белгілері анықталғандағыдай, яғни сондай жұқпалы аурудың белгілері көрініс бергенде қалай әрекет етудің жолдары іс жүзінде атқарылып, осындай тосын жай орын алғанда оның алдын алуға тәжірибе жинақталды.
Шара барысында әуежайдағы санитарлық-карантиндік бақылау бекетінің бас маманы Айнагүл Орынбасоваға телефон арқылы шұғыл хабарлама келіп түсіп, онда №КС-870 «Стамбул-Атырау» халықаралық рейсін орындаушы әуе кемесіндегі Қазақстан азаматы болып табылатын бір жолаушының кенеттен дене қызуы көтеріліп (39,7 0 C), жүрегі айнып, іші өткендігі мәлімденді. Сонымен қатар оның тамағы түйіліп, басы және бұлшық еттері ауырған. Осы жағдайға орай оған жедел медициналық көмек көрсету қажеттігі хабарланды.




Осы сәтте айтылған шұғыл хабарлама санитарлық-карантиндік бақылау бекетінің тіркеу журналына енгізіліп, лезде тиісті орындарға айтылды. Осыдан соң, қонатын әуе кемесіне әуежайдың арнайы санитарлық тұрағы дайындалып, оны күзетпен қамтамасыз ету жайы қолға алынады.
Ұшақ жерге қонған сәтте әуе қауіпсіздігі қызметінің мамандары әуе кемесін және әуежайдағы жолаушылардың кіру және шығу терминалын оқшаулау тізбегіне алып, арнайы қорғаныш киімдерін киген санитарлық-карантиндік бақылау бекетінің қызметкерлері жедел жәрдем көлігімен ұшақ тұрған аймаққа жетіп, әуе кемесінің ішіндегі белгісіз қызба ауруының белгілері бар науқасты тексеріп, жұқпалы ауру анықталған жағдайда оны өзгелерден бөлектеу шараларын жүргізеді.

Келесі кезекте ұшақтың ішіндегі өзге жолаушылардың денсаулық жағдайлары жіте тексеріліп, олар арнайы көлік арқылы халықаралық ұшып келу залына жеткізіледі. Осы жерде олар туралы толық мәлімет алынып, әрқайсысының дене температурасы қашықтықтан тепловизор арқылы өлшенеді.
Осыдан соң, ұшаққа дезинфекциялық қызмет тобы кіріп борт ішіне залалсыздандыру шараларын жүргізіп, қортындысында санитарлық-карантиндік бақылау бекетінің маманы өндірістік-диспетчерлік қызметке әуежайдағы санитарлық-эпидемияға қарсы шаралардың аяқталғандығын хабарлайды. Осылайша, залалсыздандыру және сақтандыру шараларында оқу-жаттығуға қатысушылардың әрқайсысы өз ісінің лайықты мамандары екендіктерін толықтай дәлелдеп, тосын жағдай болғанда шұғыл әрекетке бара алатындықтарын көрсетті.
Мұратбек ЖАҢАБАЙ.
Суреттерді түсірген автор.






