Атырау ардақты ұлымен қоштасты
Бүгін Атырау жұртшылығы Қазақстанның еңбек сіңірген Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Журналистер Одағы А.Байтұрсынов атындағы сыйлығының, республикалық Махамбет атындағы, халықаралық Мақтымқұлы атындағы және халықаралық «Алаш» әдеби сыйлықтарының лауреаты, Халықаралық радио мен телевидение академиясының академигі, ақын Қойшығұл Жылқышиевпен қоштасты.
Қойшығұл Өмірұлы барлық саналы ғұмырын ұлт әдебиеті мен мәдениетін өрістетуге арнады. «Тамаша» ойын-сауық отауының негізін қалап, көптеген сатириктер мен юмористердің қалыптасуына зор еңбек сіңірген. Тайсойғанда туып, әділдік үшін күресіп өткен дауылпаз ақын Махамбеттің денесін Қараой топырағына қайта жерлеуді ұйымдастырып, ақынның жырлары мен күйлерінің қайта зерттелуіне, толығуына өлшеусіз үлес қосты.
Атырау өңірінде айтыстың дамуы үшін көп тер төгіп, айтыскерлердің жас буынының өсіп-қалыптасуы, ұлт әдебиетінің жас ақын-жазушылармен толығуы жолында көп тер төккен Қойшығұл Жылқышиев «Ағатай» баспасының негізін қалап, жергілікті қаламгерлер шығармаларының жарық көруіне де атсалысты.
Махамбет атындағы академиялық драма театрының алдындағы қаралы жиында облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев, Қазақстан Жазушылар Одағының Басқарма төрағасы, Атырау облысының Құрметті азаматы Мереке Құлкенов, Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Ұлықбек Тінәлиев, жазушы Өмірзақ Қажымғалиев және жерлестері атынан Амантай Берғалиев сөйлеп, ұлт руханиятының жанашыры Қойшығұл Жылқышиевтің өнегелі істері мен талайлы тағдырынан естеліктер айтып, марқұмның отбасы, ұрпақтары мен ағайын-туыстарына ауыр қайғыға ортақ екенін білдірді.
Фото: Ерлан Алтыбаев