АТЫРАУ АДАМ ТАНЫМАСТАЙ ӨЗГЕРЕДІ
Қала құрылысы кеңесі бұған дейін жобалық институты ұсынған төрт нұсқаның екіншісін құптаған болатын. Соның негізінде қала сызбасы, бас жоспардың жобалық шешімдері жасалған еді. Шаһардың бас жоспарын жетілдіріп, өзгерістер енгізу еліміздің ғылыми-техникалық, нормативтік-құқықтық, қала құрылысы және экологиялық заңнамаларына сәйкес және тәжірибелі халықаралық институттарды тарта отырып жүргізілді.
Жобалау институтының директоры Валентина Баркова жобаны жасау кезеңінде қоғам мүддесі, сондай-ақ, мұнайлы өңірдегі экологиялық ахуал барынша ескерілгенін айтады. Сол себепті, қаладағы қоршаған ортаға зиянды қалдық тастайтын, теріс әсері бар өндірістік нысандардың барлығын мүмкіндігінше қала сыртына шығару жоспарланған. Атап айтқанда, «Каспийпромстройнедвижимость» мұнай базасын, «Ақжайық-7» стансасын облыстық экология департаментінің ұсынысына сәйкес көшіру қарастырылған. Қалған барлық жөндеу-тазалау стансалары да Қарабатан стансасының жолына, Теңдік стансасының шығысына көшіріледі.
Бас жоспар жобасындағы өзгерістердің қатарында Атырау мұнай айдау стансасының барлық эстакадаларын газды тұтып қалатын арнайы жүйелермен жабдықтау қарастырылған, бұл күкірттің ауаға тарауының алдын алады деп күтілуде. Сол сияқты, кейбір тұрғын аймақтарды біртіндеп көшіріп, олардың орнына санитарлық-қорғаныс аймақтарын орналастыру жоспарда бар.
Шаһардың экологиялық кейпін жақсартуда жасыл желекті аймақтарды да көбейту көзделген. Атырауда, соның ішінде, Жайық бойынша бірнеше саябақтар бой көтермек. Осы жерде қатысушылар тарапынан қойылған сауалдарға жауап берген «Казгипроград-1» институтының бас-маманы, инженер-эколог Жанна Заридзе жайқалған, көрікті аймақтарға коттедждердің салынуына жол берілмейтінін жеткізді.
Соңғы жылдары Атырау қаласының көлемі ұлғайып, адам танымастай өзгергені белгілі. Осыны ескерген «Казгипроград-1» мамандары қалаға жапсарлас жатқан елді мекендерді қоса есептеп, қаланың бұдан әрі даму бағыты ретінде солтүстік жағын белгілепті.
Жоба авторлары өнеркәсіптік өңір тұрғындарының қауіпсіз, жайлы тұрмыс кешуі үшін барынша жұмыстандық деп сендіреді. Жобаға сүйенсек, онда мұнай төгілімдері мен тұрмыстық және басқа да қалдықтардан басқа, көпшілікті электромагниттік, радиоактивтік сәулеленуден қорғау жолдары да назарға алынған.
Атырау қаласының бас жоспары сынды аса маңызды құжаттың «жеті рет өлшеп, бір рет кесілетіні» белгілі. Оның соңғы нұсқасы жергілікті мәслихаттан бастап, өкілетті мекемелерге – арнайы министрлік пен үкіметке жол тартып, әлі де жан-жақты қарастырылатын болады. Жоба әбден тиянақталғанша оған өзгерістер енгізіле беретіні сөзсіз. Қоғамдық тыңдауда да ортаға түскен бірнеше ұсыныстар болды. Соның бірі – Атырау мұнай өңдеу зауыты аумағынан Балықшыға қарай жол тартқан өндірістік қысқа темір жолды мүлдем алып тастау. Өткен ғасырдың ортасында соғыс кезінің қажетіне орай жүргізілген темір жол өзінің маңызын жойды деуге болады. Алайда, В.Баркованың айтуынша, бұл жолмен вагондар арқылы өнімін таситын мұнай компаниялары мұндай ұсынысқа келіспей отыр. Олар айына бір-жар мәрте тасымалдаса да темір жолдың қажет екенін алға тартып, айтқандарынан қайтпауда. Десек те, алдағы жылдар ішінде бұл мәселе оң шешілуі мүмкін.
Атырау қаласының орталық бөлігінде қазір жұмыс жасамайтын бұрынғы вокзал үйі орналасқан. Тұрғындар оны бір жағына шығаратын уақыт жетті деп есептейді. Бұл пікірмен келіскен жобалық институты қызметкерлері келешекте оны алып тастап, сол жердегі автокөлік желісін ұлғайту көзделіп отырғанын айтты.
Жоба әлі де жасалу үстінде. Ол бойынша қандай да бір ұсыныс, тілек білдірушілер алдағы он күн ішінде облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасына хабарласа алады.
Құралай ҚУАТОВА.