«Ақ жайықтағы» құс базары

қоршаған орта және біз2 Жаңалықтар

Атыраудағы «Ақ Жайық» мемлекеттік табиғи резерватын бүгінде құс базарына теңеуге болады.

қоршаған орта және біз2

Өйткені, мұнда Қазақстандағы жан-жануарлар мен құстардың 70 пайызы мекендейді. Бұл жер – еліміздегі жабайы құстардың жұмыртқа салатын ең үлкен аймағы. Қазір  резерват аумағы Жайық өзенінің Каспий теңізіне құяр сағасындағы 140 мың гектар жерді алып жатыр. Мекеменің басты мақсаты – құстардың  көктемде келіп жұмыртқалайтын орнын қорғау.

Адам аяғы сирек басылатын аймақта көктемге дейін мүлгіген тыныштық орнайтын. Ал, қазіргі уақытта олардың қиқуынан құлақ  тұнады. Қорғаудағы аймақта құстың 110 түрі жұмырт-қа басуда. Мамандар мұнда қанаттылардың 292 түрі тіркелгенін айтады. Олардың 76-сы осында қыстап қалады.

«Ақ Жайық» мемлекеттік табиғи резерватының ғылыми қызметкері Илья Бофоновтың айтуынша, мұндағы құстардың 36 түрі «Қызыл кітапқа»  енген. Қызғылт фламинго, дала бүркіті, дуадақ, жалбағай тәрізді сирек кездесетіндері осы тізімде  аталды.

Соңғы жылдары қорықтағы қанаттыларды қорғау шаралары да күшейтіле түскен. Соның нәтижесінде азайып қалған құстардың қатары да біртіндеп көбейіп келеді. Кейінгі кездері Каспий теңізінің суы тартылып барады. Соған байланысты құстар да ұяларын адам аяғы баса алмайтын жерлерге салуға дағдыланған. Сондықтан да, олардың қаншасының жұ- мыртқалағандығын білу қиындық туғызып  тұр.

Осыдан сегіз жыл бұрын құрылған «Ақ Жайық» мемлекеттік табиғи резерваты бар мүмкіндікті пайдаланып, отандық туризмді дамытуға ден қойған. Сол мақсатта бірнеше бағдарлама қолға алынған. Оның үстіне, алдыңғы жылдармен салыстырғанда, биыл мұнда келушілердің саны  артқан. Резерват аймағында жеке турлар өткізу  берік дәстүрге айналған, шетелдіктер   көбейген.  Құстардан бөлек, мұнда киік, қабан сияқты жануарлар да тіршілік етеді.

Дәулетқали АРУЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз