Атың кім, АЙНАЛАЙЫН?
Atr.kz/28 ақпан, 2020 жыл. Ертеректе ауылдың ақсақал-қарияларынан «Адам атының өз киесі бар. Сондықтан, баланың атын дұрыс қойыңдар» деген сөздерді жиі еститін едік. Шынында да, сол сөздің жаны бар сияқты. Осы орайда біздің санамызға «Осы біздер баланың есімін дұрыс қойып жүрміз бе?» деген сұрақ жиі оралады да тұрады.
Жалпы, баланың есімін қою үлкен жауапкершілікті талап ететіні сөзсіз. Ол – әрбір ата-ананың қасиетті парызы. Пайғамбарымыздың бір хадистерінде ата-ананың бала алдындағы үш міндетін ерекше атап көрсеткен, яғни, олар: біріншіден, балаға мағыналы жақсы ат қою, екіншіден, жан-жақты дұрыс білім мен тәлім-тәрбие беру, үшіншіден, уақыты келгенде оны үйлендіру. Ал, қазір кім қалай, қандай ат қойса да, оның қолын ешкім қақпайды.
Керек болса, кіндік шешесі де, нағашысы, құдасы, сонау алыстан арнайы келген қадірлі қонағы, мәртебесі биік ағаларымыз да қоя беретін заманға айналды. Айтсаайтқандай, кейбір сәттерде балаға ат қоюда жан салмай, артықтау кетіп, кейде ақылдаспай, менменшілдіктің әсерімен ойымызға келген мәні де мағынасы жоқ есімдерді қоя саламыз да, оның артында қандай тағдыр күтіп тұрғанын байқамай қаламыз.
Кейін, балаларымыздың өсіп, ержетіп, азамат болғаннан кейін, оны қалай қабылдайтындарын, олардан қандай жауап еститінімізді ойласақ, сонда ғана бұл өмірде адам тағдырының қаншама қымбат екенін түсініп жатамыз. Көне дәстүр бойынша ұрпақтарымыз шетінемесін деген ырыммен қойылған Күшікбай, Тышқанбай, Жаманқұл, Масақбай, Мыржықбай, Мырқымбайлардың өткеніне де қаншама заман өтті.
Енді, міне, дініміз бен иманымыз қайта қауышқан сәтте Ислам, Ораза, Дінмұхаммед, Алдаберген, Тәңірберген, Құдайберген, Құл-Мұхаммед, Иманғали есімді азаматтарымыз халық игілігі жолында ел қатарлы еңбек етіп, өмір сүріп жатқандығы қуантады. Балаға ат қоюда алдына жан салмайтын адамдардың ішінде ерекше құрмет көнекөз қариялар мен ауылдың үлкен ақсақалдарына беріліп жүр. Бұл дұрыс та.
Жақында, Маңғыстауда болған бір сапарымда ауылдың бір үлкен азаматы кенже баласының есімін Абдолмәлікәбухасан деп қойыпты. Сұрап қарасақ, төрт аттан тұратын есімдер – үлкен бабасы, атасы, әкесі, соңғысы баласына өзінің жаңа есімін қойғанының куәсі болдық. Сондай-ақ, өмір көрсеткендей, осылардың қатарынан Дос-Мұқасан,
Нұрәлимұхаммеджан, НұрМұқасан сияқты есімдерді кездестіруге болады. Ал, Шығыстың ұлы ойшылы, ағартушы-ғалымы ӘлФарабидің толық аты-жөні Әбу Насыр Мұхаммед Ибн Ұзлағ Ибн Тархан екенін біреулер білсе де, біреулері біле бермейді.
Салт-дәстүрімізде азан шақырып ат қою деген салт бар. Баланың атын қояр кезде үш қайтара «Аллаhу акбар» деп азан шақырып, содан кейін баланың құлағына қойылған атты үш рет қайталап айтады. «Баланың есінде сол есім қалады, құлағына сол есім сіңеді» деген ырым бұл. Ал, баласы тұрмай жүрген жағдайда «көз тимесін», «тіл тимесін» деп әртүрлі, тіпті құлаққа ерсі естілетін оғаш аттарды да қоятын болған. Ондай есімдерді жоғарыда атап өттік.
Сондай-ақ, отбасында ылғи қыз бала болғандықтан, «Ұлды болсын», деген ниетпен қыздарына Ұлболсын, Ұлмекен, Ұлдай, Ұлжан сияқты аттарды қоя берген. Ат қоюда, қариялардың ішінде біздің ақ жаулықты әжелеріміздің алатын орны бір бөлек. Әжелеріміздің ат қоюда құлаққа жағымды, көңілге қонымды, сүйікті де сүйкімді есімдері қай-қайсымыздың да жүрегімізде мәңгі сақталатыны сөзсіз.
Менің әжем өте ұқыпты, таза, киім киісі бөлек, жинақы, мінезге бай, қатты кісі болатын. Менің алдымдағы балалар бірінен соң бірі шетіней бергесін, анам босанғаннан кейін балалары тұрып қалсын, үйдің адамдары алыста болсын, жақында болсын қандай да сапарда жүрсе де аман-есен келсе екен деген ниетпен қазақтың батыр есіміне лайықтап, әжем менің атымды Амангелді деп қойған екен.
Тағы бір мысал, ағайын тумаларымның арасынан бір қарт әжеміз немере қызының атын Алма деп қойғаны әлі есімде. Ол кісінің не себептен атты осылай қойғанын артынан түсіндім. Алма ағашы – талдардың ішіндегі бұтақтары иілген ең көркемі. Ал, оның жемісін жеп көрген адамның ұрпағы да хош иісті алма ағашындай жапырақтары тереңге жайылып, татутәтті өмір сүре береді деген ниетпен қойған еді.
Осындай жақсы есімдердің қатарында Арман, Азамат, Алтай, Асқар, Асан, Серік, Марат, Болат, Қанат, Қайрат, Гүлмира, Анар, Айсұлу, Айман, Шолпан, Мақпал, Жібек, Маржан, Сәуле, Гүлжан, Ж ұ л д ы з , Жазира, Сара сияқты қазақтың ұл-қыздарының аттарын қойған әжелеріміздің салып кеткен жолдары болашақта әрі қарай жалғасын таба беретініне сеніміміз мол деп айта аламыз. Е н д і ә р і қарай сөзімізді сабақтай отырып балаға ат қойғанда қариялармен қатар, алдыңғы т о л қ ы н ағаларымыз әулиелердің басына түнету, түс көріп аян беру арқылы ішкі тілектерін жеткізе білген.
Мысалы, Ақбала, Аят, Бекет, Әмірхан, Тілеухан, Қажымұрат, Аян, Күнту, Битөре, Меңсұлу, Қасымжомарт сияқты мағыналы есімдер күнделікті өмірімізде қайнар бұлақтай тоғысып жатыр. Сонымен бірге, Исатай, Махамбет, Алпамыс, Қобыланды, Бейбарыс, Есет, Абылайхан, Райымбек, Бөгенбай, Әбілхайыр сияқты кішкентай бөбектердің есімдері еліміздің ұлан-байтақ кең даласын сыртқы жаулардан қасық қанымен қорғаған батырларымыздың рухына арналып, лайықты етіп қойылған.
Қазағымызды Жаратқан бұл дүниеде төрт түлік малдан айырмаған. Тіршіліктің қайнар көзі, шаруашылықтың күре тамыры ретінде малдың да киесі бар деген ырыммен перзенттеріне Құнанбай, Қошқарбай, Текебай, Қойшыбай, Қозыбағар, Жылқыбай, Серкебай, Тұяқбай, Ақбота, Құлыншақ, Қошақан сияқты есімдер берген. Ал, аңдар, жануарлар су тіршілік иелеріне байланысты қойылған адам аттарынан Арыстан, Жолбарыс, Қабыланбек, Аюхан, Қабанбай, Балықбай, Қасқырбай, Түлкібай, Қоянбай, Бөкенбай, Марал, Киікбай, Бүркіт, Тоты, Шортанбай, Қазтуған, Аққу, Бұлбұл, Қарлығаш сияқты есімдер қатардан қалмай, көпшілікпен бірге ілесіп келеді.
«Өнегелі есімдер – елдің қадірі», «Ер есімі – ел есінде» деп халық айтқандай, қолдарына қалам ұстаған алаштың зиялы азаматтары қазақтың ғылым мен ағарту, әдебиет пен мәдениетін алға сүйреп, тарих бетінде өшпес із қалдырған болса, ал келесі бір топтың өкілдері қолдарына қару алып, Отан үшін шайқасып, жанқиярлықпен елімізді қорғаған батырларымыздың ерлік қасиеттерін қадірлеп, халқымыз перзенттеріне Абай, Шоқан, Ыбырай, Жамбыл, Сәкен, Бейімбет, Сәбит, Күләш, Роза, Фариза, Ақұштап, батырларымыздан – Бауыржан, Талғат, Мәлік, Рақымжан, Қайырғали, Әлия, Мәншүк секілді есімдерін берді.
Ө н е г е л і есімдердің қатары Қасым, Мұхтар, Олжас, Ғабит, Мұқағали, Сейдеахмет, Шерхан сияқты есімдермен көбейіп жатса, олармен бірге үзеңгілес келе жатқан Шәмші Қалдаяқ, Бекзат Саттархан есімді жас бүлдіршін балалармен толығып, көңілімізге жаңа бір леп әкелгендей болды. Көңілдері шаттық пен күлкіге толы Жасұлан, Көңілқос, Арайлым, Мейрамбек, Аружан, Гүлайым, Еркемай сияқты күлімкөз кішкентай бүлдіршіндерімізге қарап отырсақ, мәз-мейрам болып қаласың.
Ал, Бауыржан секілді балаларды көрсек Ұлы Жеңісті жақындатқан соғыс және еңбек ардагері ағаларымыз еске түседі. Балаға ат қоюда, сонау кеңестер Одағы дәуірінен қалыптасқан және де шетелдерге деген қызығушылықтың әсерінен туындаған, ғалымдардың тілімен айтқанда «орыстандыру» және «еліктеушілік» көзқарастар пайда болды және қазір де жалғасып жатыр. Неге десеңіз, елімізде тұрып жатқан көп ұлттың өкілдері өз балаларына қазақша ат қоймайтын шығар.
Ал, біздің түсінігімізде қазаққа қандай ма есімдер болмасын, барлық ат та жараса беретін түрі бар сияқты. Мысал ретінде, олардың қатарында Мэлс (Маркс, Энгельс, Ленин, Сталин), Октябрь, Советхан, Совхозбек, Тельман, Эдгар, Артур, Елизавета, Марсель, Анжелика, Синди, Марадона, Марлен, Азиада, София, Ананди, Ясмина, Роберт, Мадонна, Индира, Борис, Тарас, Андрей, Егор, Иван және басқаларын атауға болады. Бұл арада ата-аналарға кінә тағудан аулақпыз. Бір жағынан, біздермен ілесіп Дүйсенбай, Сейсенбай, Сәрсенбай,
Бейсенбай, Жұмабай, Жексенбайлар еріп келеді. Ал, екінші жағынан Отызбек, Қырықбай, Елубай, Алпысбай, Жетпісбай, Сексенбай, Тоқсанбайлар да қалысар емес.
Қорытындылай келе, сөзіміздің соңында дана халқымыз айтқандай «Адамның есімі оның келешек тағдырына әсер етеді» дегіміз келеді. Ендеше, жарық дүниеге келген сәбилердің естір құлаққа жағымды, сүйікті де сүйкімді есімдері – оның күллі өміріне нұрлы шуағының шашқандығы, оның өмірінде өз орнын тапқандығы, ата-анасының арманының орындалғандығы, ақ сүтінің ақталғандығы. Бір сәтте болса да осыны ұмытпайық. Ал, сіздің пікіріңіз қандай, ағайын!
Амангелді БОЗДАҚОВ, ардагер ұстаз,
Құлсары қаласы, Жылыой ауданы