Атыраулық жастар 3D принтердің прототипін ойлап тапты
«Шеврон» корпорациясының және облыстық әкімдіктің жастарды дамытуға арналған «Заңғар» инновациялық жобасының түлектері алғашқы 3D принтерін жасап шығару жобасын сәтті жүзеге асырды.
Айта кетсек, алғашқы 3D принтер жастардың тәжірибелік оқуын жетілдіруге мүмкіндік беретін Fab Lab сандық өндіріс зерханасында жасалған болатын. Түпнұсқаның технологиясы мен тетігін зерттеп, зерделеген Қайырғали Әшіғалиев, Әлібек Ержанов және Елисей Чалов 3D толықфункциялы принтердің прототипін ойлап тапты.
Жоба авторларының мәлімдеуінше, компьютердегі арнайы бағдарламалардың көмегімен кез келген дайын «өнімді» жасанды материалдарды қолданып, 3D форматында шығаруға болады. «Заңғар» жобасы қатысушылары ойлап тапқан 3D принтер прототипінің негізі STEM (STEM — Science, Technology, Engineering, and Math) саласында кеңінен қолданылатын Arduino микроконтроллері болып табылады. Ол үшін жастарға алюминий, болат, пластик қана қажет болған.
— Жастар толық функциялы аталған прототиптің коммерциялық өндірісін реттеуді жоспарлап отыр, — дейді облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Жасұлан Бисембиев. — Бұл «Fab Lab» цифрлық өндіріс зертханасы арқылы мүмкін болмақ. Айта кетсек, жастардың тәжірибелік оқуын жетілдіруге мүмкіндік беретін аталған зертхана Қазақстанда алғаш болып Атырау қаласында ашылды.