Атырауда көлік ұрлап қашқан азамат ұсталды (ВИДЕО)

1488889034 003 Жаңалықтар

Атырауда көлік ұрлап қашқан жігіт қолға түсті. Анықталғандай, «темір тұлпарды» заңсыз тізгіндеген азамат 25 жастағы қала тұрғыны болып шықты. Бұл туралы Атырау облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

1488889034_003

Оқиға реті былай өрбіген: 3 қыркүйек күні сағат 22:50-де қала тұрғыны өзінің автокөлігі ұрланғаны жөнінде полицияға арызданған. Жәбірленушінің айтуынша, ол «Nissan X-trail» маркалы көлігін Ә. Молдағұлова көшесі бойындағы жол жиегіне тоқтатып, дүкенге кіріп-шығамын дегенше, белгісіз адам көлікті заңсыз иемденіп, қашып кеткен.

Арыз тіркелісімен, қалалық ішкі істер басқармасының «Тосқауыл» тобы жедел іске кіріскен. Шұғыл әрекет нәтижесінде, жергілікті полиция қызметі іздестіру бөлімінің бастығы Нұрбек Адилов пен жол патрульдік полиция ротасының  взвод командирі Жеңіс Даулетов қала сыртындағы көпір үстінен көлікті байқап қалған. Сөйтіп, көмекке «Батыс» экипажынан тағы екі патрульдік топ қосылып, күдікті көп ұзамай «Атырау – Доссор» тас жолы бойындағы Қарабатан елді мекені тұсында құрықталыпты.

Айта кеткен жөн, көлік иесі – 26 жасар азамат темір тұлпарын жол қапталында тоқтатып, есігін ашық және қозғалтқышы қосулы күйінде тастап кеткен екен. Ал, 25 жастағы күдікті азамат осы сәтті пайдаланып, көлікті ұрлап қашпақшы болған.

Бүгінде ұсталған азаматқа қатысты Қылмыстық Кодекстің 200-інші бабы, 1-інші бөлімі негізінде сот алды тергеу жұмыстары жүргізілуде.

Нұрсұлтан ЕРТУҒАНҰЛЫ

Жедел түсірілім видеосы Атырау облыстық ІІД-нен алынған

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз