Атыраулықтар жалпыұлттық диктант жазуға қатысты
80-90 сөзден тұратын диктант мәтіні аудиожазбалар арқылы таратылды, ұзақтығы 30 минутқа созылды, деп хабарлайды өңірлік коммуникациялар қызметі.
Қазақ әліпбиін латын графикасына көшіруге байланысты Мәдениет және спорт министрлігі жалпыұлттық диктант жазуға бастама көтерді. Іс-шара бүгін, 14 қарашада республика бойынша 11.00-де, ал мұнайлы өңірде жергілікті уақыт бойынша 10.00-де өтті.
Шараның негізгі мақсаты – латын графикасындағы қазақ әліпбиін іс жүзінде қолдануға бейімдеу, сондай-ақ Қазақстан Республикасының тіл саясатын жүзеге асыру, латын графикасындағы қазақ тілін меңгеру және тіл үйренуге қызығушылықты арттыру.
– Атырау облысында жаңа қазақ әліпбиінде диктант жазуда 80 мыңнан астам адамды қамту жоспарланған, бірақ менің ойымша, бұл көрсеткіш одан да артады. Кейін мамандар жалпы статистика шығарады. Біздің басты міндетіміз – халықтың латын графикасына көшуіне қаншалықты дайын екенін білу, – деді тілдерді дамыту басқармасының басшысы Асия Қыстаубаева.