Атыраулық студент бір күнде 6 медальға ие болды
С.Қазыбаев атындағы балалар үйінің түлегі 19 жастағы Артём Карепанов суға секіруден өткен ел біріншілігінен қанжығасын қомдап қайтты.
Жас спортшы ересектер арасында өткен біріншілікте күміс жүлдеге ие болса, суда жұптасып жүзуден екінші орынды еншілеген. Ал, жасөспірімдер арасындағы жарыс түрінен екі күміс, екі қола жүлдеге қол жеткізіп отыр. Артём Атырау энергетика және құрылыс колледжінің студенті. Оның суда жүзумен айналысқанына екі жыл ғана уақыт болған. Бұған дейін греко-рим күресіне қатысып Ресей, Өзбекстан елдерінде бағын сынап қайтқан. Қазіргі кезде Атырау орталық жүзу бассейнінде құтқарушы қызметін атқара жүріп, суда жүзумен айналысып келеді. Оның бойындағы талантты орталық жүзу бассейнінің жаттықтырушысы Владимир Молчанов байқаған.
— Қазір спортшының құжаттары спорт шебері атағына ұсынылып отыр. Ол Атыраудағы суда жүзушілер арасында алғашқы спорт шебері атанады. Болашағынан зор үміт күтеміз, — дейді жаттықтырушы.
Ал, Артёмның алдағы арманы суда жүзу спорты бойынша Токиода өтетін Олимпиадаға жолдама алу.
Нұрбейбіт Нұғыманов
ATPress.kz сайтынан