Атыраулық шахматшы балалар Павлодардан жеңіспен оралды
Павлодар қалаcында өткен шахматтан Қазақстан балалар кубогінің V кезеңі жерлестеріміз үшін өте табысты болды.
Бұл кезеңге еліміздің 10 облысынан ең үздік деген шахматшы балалар қатысты. Тоғыз турдан тұрған шиеленісті және тартысты партиялар нәтижесінде қаламыздағы №27 мектептің 3-сынып оқушысы Зарина Сабырбайқызы күміс медаль иемденсе, №36 мектептің 5-сынып оқушысы Зухра Сәрсенбі қола медаль жеңіп алды.
– Бұл жоғары нәтижелер – біздің қаламызда болашағынан зор үміт күттіретін дарынды жас шахматшылардың өсіп келе жатқандығын байқатады. Болашақта оларға жақсы қолдау көрсетіліп, жағдай жасалса олардың әлі де биік белестерден көрінері сөзсіз. Осы орайда жас шахматшыларға теориялық жақсы білім беріп жүрген бапкер, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Жәнібек Амановтың еңбегін ерекше атап өткім келеді. Республикалық деңгейдегі маңызды спорттық жарыстарға қатысуға қолдау көрсеткен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Азамат Бекетке және №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Бимырза Тайжановқа алғысымызды білдіреміз, – дейді шахматтан облыстың аға жаттықтырушысы Сабырбай Гайсин.
Абай АБЫЛАЙҰЛЫ.