Жарнама
ЖаңалықтарШаһар шырайы

Атыраулық Ажар апа «Рақымжанның Рейхстагқа ту тіккенін көрдім» дейді

Сол бір сұрапыл шақта ерлермен қатар қолына қару алып, Отан үшін от кешкен жауынгерлер қатарында қыздар есімі де көп аталады. Соның бірі – бұл күнде 93 жасқа толып отырған соғыс ардагері Ажар Оразғалиева.

Тың дерек

Орел, Харьков, Брянск қалаларын азат етуге қатысып, Курск доғасындағы шайқастың бел ортасында бол-ған майдангер-зенитші соғысқа 18 жасында аттанған. 1942 жылдың тамызында құрбысы Жәния Берниязовамен бірге майданға аттаныпты. «Есепші болып жұмыс жасайтынмын, құрбым Жәниядан «соғысқа алып жатыр» дегенді естіп, комиссариатқа барып, өтініш жаздық. 4-5 қыз қабылданды. Сол кезде Атырау стансасында Сталинградтан келген пойыз тұрды. Пойызда 416-шы зениттік артиллериялық дивизион болды. Бізді сол дивизионға қосып, бір ай дайындық жұмыстарын жүргізді. Атырауда жүрген кезде ұзын шашымды жуып, тарап, өрдім де қиғыздым. Шашымды «сақтай алсаңдар, сақтап қойыңдар» деп тапсырып кеттім. Кейін ер балаларша қидырып тастадым. Нағыз соғысқа 1943 жылы Курск қаласында араластық»,- деп өткен күндерін есіне алады  ардагер.

Курск қаласындағы соғыс үш айға созылған. Зенитші қыз күні-түні ұйықтамай, зеңбіректі құшақтап отыратынын, үш ай бойы аяқ киімін шешпей, соғыс даласында тамақтанатынын айтып, сол шақтағы қиын күндерді көз алдына елес-тетеді. «Адам ұйқысыз жүрсе өлмейді екен. Курск шайқасы кезінде 9 қыз бір зеңбіректен оқ атып, ұшақтарды құлатамыз. Олардың жарылғыш зат тастауына кедергі келтіреміз»,- деді Ажар Оразғалиева.

Ол соғыста ауыр жараланса да майдан даласын тастап кеткен жоқ. Есін жиып, сырқатынан айыққан соң, қайта ұрысқа араласты. Румынияға барып, 1945 жылы Берлинге бағыт алады. Сол жерде Жеңіс туының тігілгенін көріп, қаруластарымен бірге тойлайды. «Біз немістердің жеңілгенін бинокль арқылы көрдік. Бір-бірімізден бинокльді алма-кезек алып, Рахымжан Қошқарбаевтың командирі оның қолына ту ұстатып, шығарып салғанын көрдік. Р.Қошқарбаев сол кезде бәрімен қоштасып кетті. Кейін ту тігіліп, жолдастары оны аспанға лақтырып, құттықтады»,- деді Ажар Оразғалиева.

Соғыс біткен соң пойызбен, кемемен Атырауға жетіпті. «Ол кезде әр солдатты күтіп алып, үйіне апарып тастайды екен. Әке-шешеміз жазғы қонысқа кеткен. Алдымнан інім мен сіңлім шықты. Әжем қуаныштан ес-түссіз жатты. Көтеріп алып, бетінен сүйдім»,- дейді соғыс ардагері. 1945 жылдың қараша айында соғыс ардагері Ғабидолла Оразғалиевпен отау құрып, 10 бала сүйген. Ажар әже бұл күнде Ақтөбе қаласында тұрады.

Өз тілшіміз.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button