Атыраудың Жанбай ауылында полиция бөлімшесі ашылды (ФОТО)
Бүгін Атырау облысының Исатай ауданы, Жанбай ауылдық округінде полиция бөлімшесі ашылды. Бөлімшенің ашылу салтанатына Атырау облысы Ішкі істер департаментінің бастығы, полиция полковнигі Аян Дүйсембаев арнайы келіп қатысты.
Ашылу салтанатында сөз алған Аян Дүйсембаев облыс көлемінде халық санына қарай полиция бөлімшелерін ашуға жұмыстанып жатқанын мәлімдеп, жаңа полиция бөлімшесінің бастығын таныстырып, полиция бөлімшесіне 3 жаңа «НИВА» қызметтік автокөлігінің кілтін табыстады.
– Қазіргі уақытта бөлімше бастығы болып полиция капитаны, бұған дейін Қызылқоға ауданы ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары қызметін атқарған Жұмагелді Хангереев тағайындалды. Тәжірибесі мол, негізінен Исатай ауданының азаматы, – деген ол бөлімше бастығының жұмысына сәттілік тіледі.
Полиция бөлімшесінде берілген штат бірлігіне сай 13 полиция қызметкері кезекші, жедел уәкіл, кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі, жол-патрульдік, учаскелік полиция инспекторлары жұмыс жасайды.
Ал, аудан әкімі Марат Мурзиев биыл аудандық ішкі істер бөлімі 8 қызметтік автокөлікпен толыққанын, алдағы уақытта барлық ауылдық округтердегі полиция инспекторларын қызметтік пәтермен қамтудың мүмкіндіктері қарастырылып жатқанын айтты. Жаңа полиция бөлімшесі, сондай-ақ, Нарын, Исатай, Забурын ауылдық округтерінің де тұрғындарына қызмет ететінін, сол арқылы құқық қорғау бағытында жедел және тиімді қызмет ету, тұрғындардың арыз-шағымдарына дер кезінде ден қою көзделіп отырғанын жеткізді.
Нұрболат НҰҒМАН.
Суреттерін түсірген: Ә.ШАРАПИДЕНОВ.