Атыраудың бес кереметі

4p5a7527 scaled 1 Шаһар шырайы

Еліміздің өзге аймағынан ат арытып, мұнайлы өлкеге туристер келді делік. Сырттан келген мейман ең алдымен қайда сапарлай алады?

1. Өңірдің ең перспективалық туристік нысандарының бірі, сондай-ақ, өңірлік деңгейдегі туристендіру картасы тізбесіне (ТОП-50) енгізілген – Махамбет ауданындағы Сарайшық қалашығы. Тарихи-мемориалдық кешен құрамына Хандар пантеоны кіреді. Сондай-ақ, мұнда мешіт бар. Оның іші толықтай жасақталып, михраб, мінбарлар қойылған. Келушілер əуелі мешітке кіріп, Құран оқытып, дұға етеді. Ал, мұражай ішіне Сарайшық қазбасынан шыққан тарихи жəдігерлер қойылған.

2. Халық арасында «дала дəрігері» атанып кеткен Индердегі Тұзбұлақтың қасиеті бұрыннан белгілі. Көлдегі тұздың қоры əлем бойынша екінші орында. Жалпы ауданы 110,5 шаршы шақырымды құрайды. Жағалауы сай-жыралармен тілімделген. Осы жардың түбінен шығатын тұзды бұлақтар бар. Ғалымдардың зерттеу жұмыстары оң нəтиже беріп, тұзды су құрамындағы элементтер 25 түрлі ауруға ем болатыны анықталған. «Қара балшық» минералдармен қатар, гумус, ферменттерге өте бай, олар адам денсаулығына аса пайдалы. Көлге түскен немесе қонған жəндіктер кейін ұша алмай тұздалып, шіріместен ыдырайды жəне жел арқылы жағаға келіп, балшыққа айналады. Индерде көлден басқа 300 метр тереңдікте тұз қабатында орналасқан шахта бар. Оған өкпесі ауыратын адамдар, əсіресе, қолқа демікпесіне шалдыққандар өз бетімен келіп емделе алады. Алайда, бұл шахта қауіпті болғандықтан, қазір жабық тұр.

3. Құрманғазы ауданындағы Қиғаш өзенінің жағалауы – аң жəне балық аулауға өте қолайлы аймақ. Бұл жерде бірнеше туристік база бой көтеріп, жыл сайын көктем жəне күз мезгілдерінде аң, балық аулауға мыңға жуық қазақстандық жəне шетелдік туристер келіп демалады. Сонымен қатар, Құрманғазы ауданында лотос гүлдерінің бағы келушілердің қызығушылығын арттырып отыр.

4. Жылыой ауданы Құлсары қаласынан 64 шақырым жерде орналасқан, тамыры тереңге жайылған тарихы бар, имандылық ұйыған орта, Бекет атаның кіндік қаны тамған жері Ақмешіт қорымы – ішкі туризмді дамытуға зор мүмкіндік беретін нысан. Бұл жерге Қазақстанның түпкіртүпкірінен келетін туристердің қызығушылығын тудыруда. Жылыой ауданындағы Алтын адам табылған Аралтөбе жерін, Ақтолағай, Ақкегершін, Иманқара тауларын көруге ынта білдірушілер де аз емес.

5. Исатай ауданындағы Нарын құмдары квадроциклмен шалғай құмда жүру, джиппен авторалли экстремалды туризмін ұйымдастыруға қолайлы. Алайда, бұған қызығушылық танытқан кəсіпкердің болмауы саланы дамытуға кедергі келтіріп отыр.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз