Жарнама
ЖаңалықтарШаһар шырайыҚұқық

Атыраудың бір ауданында танысын 678 мың теңгеге «отырғызған» алаяқ әйел ұсталды

Атырау облысының Жылой аудандық ішкі істер бөлімі тергеу бөлімшесі тағы бір алаяқтыққа қатысты қылмыстық істі тергеуді аяқтады.

3794609

Оқиға биылғы жаз айының бір күнінде орын алған еді. Аудан аумағының бір елді мекенінде тұратын 36 жастағы әйел адам өзінің танысына қаладағы бір банк филиалына жұмысқа кіргізе алатындығын айтып, мақтанады. Оған екі қолына бір кәсіп көзін таба алмай жүрген келіншек көктен іздегені жерден табылғандай қуанады.  «Жұмыс беруші» де ұрымтал сәтті ұтымды пайдаланып қалуды көздейді де, «сыйақы» ретінде 280 мың теңге талап етеді. Отбасының келер күндегі нәпақасы үшін қолдағы барын аямайтын қазекеңнің мырзалығына салынған жұмыссыз жан бала-шағасының аузынан жырып, әлгі әйелдің айтқанын екі еткізбейді.

Көп ұзамай жұмыссыз келіншектің телефоны тағы да шыр ете түседі. Қараса, «жұмыс беруші» әйел екен. Бұл жолы «Сені жұмысқа кіргізетін банкідегі жігітке сыйлық ретінде ұялы телефон алып беру керек!» деп талап қояды. Екеуі Орталық базардағы байланыс қондырғысын сататын дүкеннің алдында кездеседі. Сол жерде танысы қалаған 28 мың теңгенің қалта телефонын алып береді.

Аңқау келіншекті 308 мың теңгеге оп-оңай «отырғызған» алаяқ енді оны алдаудың өзге бір «тәсілін» ойлап табады. Сөйтіп, арада екі-үш күн өткен соң  телефонына тағы да қоңырау шалып: «Сенің атыңа депозит ашу қажет, ертең саған ақша керек болады, бір жерден кездесейік,» – деп қолқа салады. Бұған да келіскен келіншек пайыздық жинақ жинақтау үшін банкіден 350 мың теңге көлемінде несие алады. Бірақ бұл ақша өз иесіне бұйырмайды. Оны сол жерде әлгі әйел әбжыландай арбап, алдап алады.

«Дәндеген қарсақ құлағымен ін қазады» дегендей, оңай олжаға құныққан әккі әйел ақшаны иемденудің тағы «әдісіне» көшеді. Бұл жолы «жемтігіне» телефон соғып: «Анама ота жасату үшін қаржы қажет еді, сенде ақша бар ма?» – деп жыламсырайды.  «Жұмыс берушінің» бұл сөзіне де сенген келіншек «Жылдам ақшадан» 20 мың теңге қарыз алып беріп, көмектеседі.

Тек арада бірнеше ай өткеннен кейін ғана келіншек өзінің алданғанын түсінеді. Ақыры «кіргіземін» деген жұмысы да жоқ, ақшасынан тағы айрылған ол амалсыздан ішкі істер бөліміне шағымданады.

– Алдын ала тергеу амалдары барысында  «жұмыс берушінің» жәбірленушіге барлығы 678 мың теңге көлемінде материалдық шығын келтіргені анықталды. Күдікті әйелдің үстінен Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабының 1-бөлігі мен 190-бабының 2-бөлігінің 2-тармағы бойынша көтерілген қылмыстық іс тергеліп, сотқа жолданды, – дейді тергеу бөлімшесінің тергеушісі А.Мұқашев.

Ербол БИСЕКЕНҰЛЫ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button