Атыраудың ауасын қайтсек тазартамыз?
Бүгінгі таңда Атырау өңіріндегі экология мәселесі сын көтермей отыр. Мұнай көп өндіріліп, атмосферада шығатын улы заттар құрамы көбейе түскен сайын, оның зардабы да ұлғайып барады. Қала ішіндегі және облыс орталығына жақын маңдағы ірі кәсіпорындардан шығатын қалдықтар ауаны ластап, тұрғындардың таза ауамен тыныс алуына кедергі келтіруде. Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қадыржан Арыстанның айтуынша, тіпті Атырау қаласының атмосфералық ауа қабатында күкіртті сутегінің мөлшері 20-30 есе асып кеткен деректер де тіркеліп отыр.
— Облыс орталығында «Аджип» компаниясының жиырма шақты, Атырау мұнай өңдеу зауытының төрт және басқа да стансалар тіркелген. Сондықтан, өндіріс орындарының нақты қайсысы ауаға лас қалдықтарды таратып отырғанын анықтау өте қиын. Осы мәселені шешу жолдарын қарастырып жатырмыз. Қалай болғанда да атмосфералық ауаны қадағалау арқылы қала тұрғындарының жай-күйін жақсартуға жұмыстану үстіндеміз. Өйткені, жергілікті халық нашар иістен түнде ұйықтай алмайтындарын айтып шағымдануда. Халықтың жайлы өмір сүріп, таза ауамен тыныстауына жағдай жасау – біздің борышымыз, — дейді бас-қарма басшысы.
Осы жағдайға орай жуырда облыстық әкімдікте швециялық «OPSIS» компаниясының газдарды талдап, шығу тетігін анықтайтын құрал-жабдығының таныстырылымы өтті. Енді жоғарыда аталған мәселенің шешімі табылғандай. «Гидромед ЛТД» ақпараттық-өндірістік орталығы» компаниясы менеджері Айдын Аутановтың мәлімдеуінше, жабдықтың басты ерекшелігі – арнайы құрастырыл-ған бақылау жүйесі арқылы атмосфералық ауадағы шаң-тозаң, күкірт ангидриді, аммиак, фенол, күкірт сутегі, азот және көміртегі тотықтары сияқты зиянды заттар мөлшерін тәулік бойы өлшеуінде. Бұл үшін, ең алдымен, экологиялық бекеттер орнату қажет.
— Газ талдау аспаптары бар экологиялық бекет атмосфералық ауадағы газдарды анықтайды. Бекеттен белгілі бір қашықтықта сәуле таратқыш аспап пен қабылдағыш орнатылады. Жалғыз сәуленің көмегімен бір мезетте бірнеше аумақтағы газды өлшеуге болады. Оның үстіне, бұл — шығынды көп қажет етпейтін, көбінесе өздігінен жұмыс істейтін құрылғы. Оның көмегімен шаң-тозаң мөлшерін өлшеп қана қоймай, сынама алуға, кейін бұл сүзгілердің ішінде ауыр металлдың да мөлшерін анықтауға болады.
Әр газдың өзіндік ерекшелігі бар. Ол жарық арқылы өткен кезде талдағыш аспап оның белгілі бір бөлігін өзіне жұтады. Кейін сіңірілген жарық көлемін есептеп шығарып, оны концентрациялауға мүмкіндік береді. Жиналған деректердің бәрі мониторға көшіріледі. Оларды метеопараметрлермен салыстыру арқылы ауаны не ластайтынын анықтауға болады. Сонымен қатар, улы газдың шығу тетігін табуда тоқсан пайызға нақты анықтап қана қоймай, карта арқылы қаланың қай жерінде қаншалықты улы газ барын білуге мүмкіндік береді.
Айгүл ЕРТІЛЕУ