«Менің 75 балам бар…»

DSC 0083 Жаңалықтар

Оның қызметін естіген адам таңданысын жасыра алмайды. «Қалайша?» «Сіз бе?» деп қайталап сұрайтындар да көп. Айтса айтқандай, балабақша меңгерушісінің ер адам екенін естігенде еріксіз жымиясың. Осы абыройлы да жауапкершілігі жоғары қызметті атқарып жүргеніне төрт жыл-ға жуықтаған Нұрлыбек Дәулетқазы – өз мамандығын шексіз сүйетін адам. Үйдегі үш-төрт баланың бабын табудың өзі үлкен күш екені белгілі. Ал, мектеп жасына жетпеген бөбектерді бағып-қағу, білімнің алғашқы баспалдағына қадам бастыру – зор жауапкершілік.

DSC_0083

«Осы салаға саналы түрде келдім. Мектепті тәмамдаған тұста сыныптастарым қай мамандық қолайлы болар екен деп ойланып жүргенде, мен мұғалім боламын, соның ішінде, кішкентай балалармен жұмыс жасаймын деп таңдау жасап та қойғанмын. Себебі, табиғатымнан балажанмын» деп бастады бізбен әңгімесін «Балапан» бөбекжайының меңгерушісі.

Жоғары оқу орнын тәмамдап келгенде ауылдағы білім ордасына мектепалды даярлық тобының мұғалімі қажет кез-ді. Нұрлыбек бірден келісіп, қызметке орналасты. «Алғашқы кезде «Мамандық таңдауда қателеспедім бе? Осыным дұрыс болды ма?» деген сауалдар туралы ойланғаным рас. Себебі, жас маманмын. Оқушыларым – бір-бір үйдің еркесі, кішкентай ғана бөбектер. Сабақ ерте басталатын болғандықтан, ұйқылары қанбай, қыздардың шаштары таралмай отырады. Балалармен бірге уақытты қызықты өткізу, ата-аналарының сенімін ақтау мен сияқты жас маманға үлкен жауапкершілік жүктегені айтпаса да белгілі. Уақыт өте келе, үйрендім. Сыныбымдағы қыздардың шашын үнемі әріптестеріме айтып, өргізіп алатынмын. Кейін интернеттен қарап, өзім үйрендім. Ата-аналар да мені қолдады. Сөйтіп, жұмысымды одан да қатты жақсы көріп кеттім» дейді ол бізбен әңгімесінде.

Әкесі мәдениет саласында, анасы есепші болып қызмет ететінін естіген соң, білім саласында жұмыс жасасам деген құлшыныстың қалай пайда болғанын сұрап едік, «бұған біреу ықпал етті деп айта алмаймын. Десек те, әжем – мұғалім болған адам. Бірақ, бар мәселе менің балажан, кішкентай балаларды қатты жақсы көргендігімде секілді» дейді ол.

«Жалпы айналаңыз, балаларыңыздың ата-аналары бұған қалай қарайды?» деп едік, «Жоқ, қайта жоғарыда айтып өткенімдей, осы салада түбегейлі қалуыма да сол балаларымның ата-аналарының, ұжымдастарымның жан-жақты қолдауы себеп болды. Қазір өзімді басқа салада мүлдем елестете алмаймын» дейді Нұрлыбек Қонысұлы.

«Бір қызық айтайын. Алматыға біліктілік арттыру курсына бардым. Байқап отырмын, қатынасушылардың барлығы – әйел адамдар. Бәрі маған аңтарыла қарап қояды. Сәлден соң, бірі: «Інім, сен шатасып келген сияқтысың, мұнда балабақша басшыларының жиыны» деді. «Білемін, мен де – басшымын, курсқа келдім» деп едім, жан-жақтан жиналғандардың барлығы да таңданыстарын жасыра алмай, екі күндік семинар барысында «жұлдыз» болғанмын» дейді күліп.

Отбасында үш ұл болып тәрбиеленген Нұрлыбек Қонысұлының өзі де қазір – отағасы, жары да – мұғалім. Жеке отбасы туралы сұрағанымызда, «Менің 75 балам бар. Олар балабақшаның үш тобында тәрбиеленуде» деп жауап берді.

«Бала тәрбиесіне қатысты, соның ішінде, балабақша, мектеппен байла-нысты жұмысты бірден әйелдердің мойнына арта салатын әдетіміз қанға сіңгелі қашан? Осы ретте Есбол ауылындағы балабақша меңгерушісінің бұл ісі – үлгі боларлық екен» деген оймен сәттілік тілеп қош айтыстық.

Гүлжан Әмірова

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз