Атырауда жылқылар көліктерге «шабуыл жасауда» (ФОТО)
Бүгінгі таңда Атырау қаласында иесіз жүрген жылқыларға көзіміз әбден үйреніп алған. Аша тұяқты жануарлар күл-қоқыс салатын арнайы орындарға «қожайын» болып қана қоймай, көшелерде тұрғындарға қолайсыздық тудыруда. Тіпті, жол-көлік оқиғасына да себепкер болуда.
Мәселен, өткен сенбі күні «Первый участок» ықшамауданында «Джип» көлігі жаңа көпірден түсіп келе жатқан кезде оған жылқы түлігі соғылған. Автокөліктің иесі Евгенийдің айтуынша, ол басында өзіне қарсы ұмтылған жылқыдан «қашуға» тырысқанымен, онысынан түк шықпапты. Керісінше, жылқы малы көлікке тура «шабуыл» жасап, оған баса-көктей секіріпті. Нәтижесінде – автокөліктің алдыңғы бөлігі бүлінсе, жылқы түлігі сол жерде «тіл тартпай» кеткен.
– Мен бірден жол-патрульдік полициясы қызметкерлерін шақырдым. Олар келіп, жол-көлік оқиғасын тіркегенде, жылқының ешқандай ен-таңбасы жоқтығын, сол себепті оның иесіз болуы мүмкін екендігін айтты. Бұл дегеніміз – менің көлігіме келген материалдық зиянды ешкімнен өндіртіп ала алмаймын деген сөз. Енді қираған көлігімді өз қаражатыммен жөндеуге тура келеді, – дейді Евгений.
«Атырау-Ақпарат» медиасеріктестігіне қарасты «Прикаспийская коммуна» газеті де осыған дейін қала көшелерінде көбейген жылқылар туралы бірнеше рет жазған болатын. Газет тілшісі Надежда Тулинаның айтуынша, Баймұханов көшесі мен политех колледжі ауданында еркін «қыдырыстап» жүрген жылқылардың суреттерін де әлденеше рет жариялаған екен. Бірақ, газет тілшілерінің сауалын тиісті мекемелер жауапсыз қалдырыпты.
Бүгін біз сіздердің назарларыңызға Огородная көшесіндегі қоқыс жәшіктерін «иемденген» төрт жылқы мен Евгенийдің жылқы «шабуылынан» кейін түсірілген көлігінің фотосуретін ұсынып отырмыз. Бізді мазалайтын бір ғана сұрақ бар. Ол – шыныменде олар иесіз бе?
Нұрсұлтан ЕРТУҒАНҰЛЫ