Атырауда Жұмекен оқуларының жүйріктері сынға түсті (ФОТО)

ANU 5618 Жаңалықтар

Н.Жантөрин атындағы облыстық филармонияда Қазақстан Республикасының Әнұраны авторларының бірі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, қазақтың көрнекті ақыны Жұмекен Нәжімеденов атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің республикалық байқауына үміткерлер арасында іріктеу сайысы өтті.

ANU_5618

Тамыры терең Жұмекен жырларын жүректен өткізе жеткізіп, көркем прозасын нақышына келтіре оқыған көркемсөз шеберлерінің өнерін әділ қазылар алқасы бағалады.

ANU_5551

Облыс бойынша қатысқан 18-35 жас аралығындағы он үміткер, байқау шартында көрсетілген көркем мәтінді оқу шеберлігі мен дауыс мәнеріне тән өнер көрсетті. Десек те, үміткерлер арасында атүсті дайындықпен келгендері де болды.

ANU_5576

Облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың бөлім басшысы Мәншүк Мұхамбетқалиева әсіресе, ауданнан келген көркемсөз шеберлеріне зор ризашылығын білдірді. «Бағын сынауға ниет білдірген үміткерлердің саны жиырмаға жуық болғанымен, оның бүгінде біразы қатыспады. Атыраудың төл перзенті, қазақ поэзиясының биік парасатына айналған Жұмекен Нәжімеденовтің поэзиясы – мәңгілік поэзия. Сондықтан, мұндай байқауларда белсенділік танытуға шақырамын» деді ол.

ANU_5557

Қазылардың ортақ шешімімен Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің студенті Ақан Ығламов пен Махамбет ауданынан келген Сейітжан Құжырбаев және мақаттық Дана Қыдырәлиевалар байқаудың республикалық кезеңіне жолдама алды. Аталған үш жеңімпаздың ішінен Махамбет атындағы қазақ драма театры режиссерінің дайындығынан өте алғаны республикалық байқауда бақ сынайтын болады.

Мәлике МӘЛІК

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз