Жарнама
ЖаңалықтарШаһар шырайы

Атырауда заңғар жазушы, академик-ғалым З.Қабдоловты еске алу кеші өтті (ФОТО)

Қазақстанның Халық жазушысы, академик-ғалым Зейнолла Қабдоловтың туғанына 90 жыл толуына орай Махамбет атындағы облыстық қазақ драма театрында еске алу кеші өтті. Облыс әкімдігі ұйымдастырған әдеби-сазды шараға Астана мен Алматы, Маңғыстау аймағынан келген ғалымның замандастары мен шәкірттері, қаламдас бауырлары, тіл мамандары, студенттер қатысты.

ЕАС 084

Танымдық кеш заңғар жазушы туралы «Тау тұлға» атты қысқа метражды деректі фильмнен басталды. Одан әрі өткен күндерге шегініс жасалып, жазушының жастық шағы мен есейген жылдарындағы образдары сомдалған театрландырылған көрініс қойылды.

Ұлы ұстаз ұлығыланған әдеби-сазды кеште облыс әкімі Нұрлан Ноғаев шараның маңыздылығына тоқталып, алыстан ат арытып келген меймандарға «қош келдіңіз» айтты.

«Зейнолла Қабдолов – әріптен сөз, сөзден сөйлем құрап, сол сөйлемді тиімді қолданудың арқасында жансыз суретті де көз алдыңа елестететіндей сөз өнерінің хас шебері. Бұған бірінші кезекте асқан біліммен қатар, туабітті талант қажет. Әке қалауымен жас кезінде тау-кен инженері мамандығына барғанымен, өзінің әдебиетке деген ыстық ықыласының арқасында жазушылықты таңдады. Ол атқарған еңбек бүгінде солай жасалса ғой, шіркін дейтініміз бар. Сондықтан, өзінің елі, жері, тілі үшін бар ғұмырын арнаған осындай тұлғаларымызды еске сақтап, оларды насихаттау бізге парыз»,-деді.

«Аспан астында, жер үстінде өмір барда өнер бар. Өнер – мәңгілік» деп академиктің өзі айтқандай, оның қасиетті сөз өнері әдебиет тарихында алтын әріппен жазылып, ұрпақтан-ұрпаққа жете беруі тиіс. Бұл ретте кеш барысында оның көзін көрген әдебиет майталмандары мен шәкірттері қазақ әдебиеттануында сара жол салған жазушы туралы ғибратты әңгімелер айтып, өз естеліктерімен бөлісті.

ЕАС 014

Әуезовше ойлап, жазғысы келді

Мереке ҚҰЛКЕНОВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: Зекең қазақ топырағында жаралған жазушының бәрін – Ғабит Мүсіреповті, Сәбит Мұқановты, Хамит Ерғалиевті, Ғабиден Мұстафинді, Тайыр Жароковты жақсы көрді. Бірақ, ол бір ғана адамды жеке қойды. Ол – Мұхтар Әуезов. Мұхтар Әуезовті жеке қою арқылы басқаларды теңгермешіліктен құтылуға үйрететін. Әуезов біртөбе, өзгеміз бір төбеміз деп айтатын. Қазақ әдебиетіндегі басқа жазушыларда жоқ қасиеттің бәрін ол ұстазы, ұлы жазушыдан іздейтін және табатын. Өйткені, қазақ әдебиетінде одан асқан классик жоқ. Оны өз шәкірттеріне, тұстастарына да, әріптестеріне де айтты.

Адам ылғи жарқ-жұрқ етіп жүрмейді ғой, мұңаятын кездері де болады. Осындай сәтте ол ойын тек бір-ақ адамға ғана айтатын. Ол – тағы да Әуезов. Мұхтар оның өмірлік темірқазығы еді. Әуезов дегенде Зекең ішкен асын жерге қоятын. Өйткені, Зекең өмір бойы Әуезовше ойланғысы келді, өмір бойы Әуезовше жазғысы келді, Әуезовше халқын сүйгісі келді. Зекең өте ғажап адам еді. Мұндай адамдар өмірге ілуде бір келеді. Сырт қарасаң қарапайым, жұрттың бәрімен емен-жарқын сөйлесе береді. Бірақ, оның жан-дүниесі алай-дүлей болатын. Ол өмірде болып жатқан келеңсіздіктердің бәріне қарсы болды.

ЕАС 198

Әдебиет әлемінің пірі

Әлібек АСҚАРОВ, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері: Біз Атырау өңіріне қазақтың талантты перзенті Зекеңе деген сағынышпен келіп отырмыз. Бір кездері оқуға қабылданар уақытта жазған әңгімемді қабылдау комиссиясына оқып бердім. Сонда комиссия мүшелері қабылдамай, салым суға кетіп бұрылып бара жатқанда, Зекең мені тоқтатып, «жазушылардың арасында суретшіден шыққан жазушы жоқ. Сен жаза бер, талантың мықты болса алға шығасың» деп қайтарып алды. Сол Зекеңнің бір ауыз сөзі мені жазушылыққа алып келді. Зекең «Әуезовтің көзін көрдім, оның шәкіртімін» деп мақтанатын болса, біз Зейнолланың алдын көргенімізді шүкіршілік етеміз. Еліміздің сан түкпіріндегі мыңдаған тілтанушы түлектердің Қабдоловтың сөз өнерімен сусындап жүргені де бақыт.

ЕАС 115

ЕАС 060

Жемісін шашқан мәуелі бәйтерек

Қадыр ЖҮСІП, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры, шәкірті: Зейнолла Қабдолов – жемісін жан-жаққа төккен мәуелі бәйтерек. Одан дәріс алдық, үйрендік. Оның алғашқы «Жайық қызы» әнін де айттық. Жазушының әрбір шығармасы өмірден туды. Өзі көзбен көрген мұнай туралы жазды. Оған дейін ешкім бұл тақырыпқа қалам тербемеді. Бұл – ғасырлық туынды. Енді оны осы уақытқа лайықтап тағы кім жазады деп күтіп жүрміз. Алайда, ол секілді ешкім де жаза алмайды. Оның ғылыми үлкен монументі – сөз өнері мәңгілік болып қалады.

Әдебиет тарихында «Ұшқын», «Жалын» романдары басқа шығармалар сынды құлаған жоқ, тік тұрған күйінде сақталды. Себебі, бұлар уақыт жағынан қазіргі кезеңмен де үндестік тапты. Олай дейтініміз, роман кейіпкерлеріне сол кездегідей «коммунистік партия жасасын!» деген ұранды айтқызған ешкім болмады. Міне, осы жағынан алғанда оның шығармалары жаңашыл.

Зекең Алматыда жүрсе де, туған жердегі оқу орнына бірнеше рет табан тіреді. Артында ботасы қалған аруанадай қайырылып қарады. Гурьев педагогикалық институтында қазақ тілі – әдебиеті бөлімі жабылғанда – оның қабырғасы қайысты. Бүкіл батыс өңірінің мектептерінде қазақ тілі мен әдебиетінен дәріс беретін мұғалімдерде «шөл» пайда болды. Қазақ тілінен өзге пән мұғалімдері сабақ берді. Бірақ, оның тілге деген жанашырлығы арқасында білім ордасында 1984 жылы бөлім қайта ашылды. Оннан аса ғылым кандитатын дайындады. Факультеттің ғылыми дәрежесін көтеруге зор үлес қосты.

Кейін біз сөз зергерінің атына университетте зертхана ашып, бүгінде бұл орталыққа айналды. Мұнда Зекең туралы кішігірім 40-қа жуық кітап шықты. Монография, поэмалар жазылды. Тау тұлға туралы әлі де жазылады.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Суреттерді түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button