Атыраудағы «Музей түні»
Халықаралық Музей күніне орай облыстық тарихи-өлкетану мұражайында «Музей түні» ұйымдастырылды. Шара аясында Атырау, Астана, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Маңғыстау өңірлерінің шеберлері ұлттық аспап – домбыраның жасалуымен таныстырды. Сондай-ақ, кәсіби шеберлер жасаған ұлттық аспаптар жәрмеңкесі өткізілді.
Биыл елімізде өтетін ЭКСПО көрмесіне облыс атынан апарғалы отырған «Жаужүрек» тағамының жасалу жолдары да кеңінен таныстырылды. Тағамды Индер ауданының аспазы Гүлжан Шәкімова дайындаған. Аспаздың айтуынша, бұл тағам адамның бойындағы күш-қуатын арттырып, батылдық сынды қасиетке жауап беретін гормонның бөлінуін қамтамасыз етеді. Аналарымыз әрқашан ер балаларды батылдыққа, ержүректілікке тәрбиелеп отырған. Осыған орай ұлдарына «Жаужүрек» тағамын жиі жасап берген. Аталған тағамның құрамында гепарин элементі мол. Мұнымен қатар, басқа төрт түлікке қарағанда, қойдың бауырында бұл элемент көбірек болады екен. Ол жүрек жұмысын жақсартып, жүрек талмасының алдын алады. Оны бұрын-соңды жолаушылар мен малшылар көп жеген. Май мен бауыр бірге пісетіндіктен, жүрекке аса тимейді.
Алғаш рет өңірде ұйымдастырылған тарихшы, тілші, ақын жазушылар арасындағы «Не? Қайда? Қашан?» интеллектуалдық ойыны да сәтті өтті. Танымдық-викториналық сұрақтарға жауап берген көрермендерге суретші, блогер Аңсаған Мұстафаның брендтік және «Алтын адам» бедерленген магниттік сувинерлер берілді.
Тақырыптық экскурсияларды музей қызметкерлерінің республикалық байқауының жеңімпазы Оксана Құсайынқызы мен «Үздік экскурсия жүргізушісі-2017» облыстық байқауының жеңімпазы Динара Бауыржанқызы және музейдің «Жас саяхатшылар» үйірмесінің мүшелері жүргізді.
Бұл күні көрнекті қазақ геологы, қоғам қайраткері, Қазақ КСР Ғылым академиясын ұйымдастырушы және оның тұңғыш президенті Қаныш Сәтбаев тапқан минералды тастардан экспозициялық көрме салтанатты түрде ашылды. Көрмеге ғалымның зерттеген жұмыстары, оның ішінде тастардың түрлері қойылған. Көрме ғалымның атымен аталатын №19 мектепте ұйымдастырылған мектепішілік музей негізінде ұйымдастырылған. Оқу орнының басшылығы өткен жылы ғалым туралы тарихи құнды заттардың бәрін аталмыш музейге тапсырған. Бір жыл бойына музей мамандары толықтырып биыл ашып отыр. Сондай-ақ, «Шоқ үтіктен, тоқ үтікке дейін» және ұршықтарға байланысты көрменің де тұсаукесері өтті.
Айта кетейік, кеш қонағы – Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, күйші-домбырашы Айгүл Үлкенбаева болды.
Халықаралық мереке аясында Ш.Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінің іші де дүбірлі думанға толды. Ғимараттың алдында жергілікті қолөнер шеберлері жасаған бұйымдардан жәрмеңке ұйымдастырылса, сәнгерлердің ұлттық өрнекпен әшекейленген киімдері де кеңінен таныстырылды. Түнгі сағат 23.00-ге дейін қаладағы өнерпаздардың концерті беріліп, әсем әнмен және мың бұралған бимен жалғасты.
Нұргүл Ысмағұлова