Атырауда шөп ұнтағымен ұсталушылар көбейген
Өткен аптада Теңіз қалашығындағы қоғамдық тәртіпті қадағалауға шыққан аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлері бір мекеме жатақханасының алдында кетіп бара жатқан азаматты тоқтатады. Жүрісі күдік туғызған оның жеке басын анықтап, тексеру кезінде күртешесінің жанқалтасынан целофан пакетке оралған зат табылады.
Қос бірдей айғақтың көзінше тінту жүргізіп, ішін ашып қараған полиция ақ қағазға салынған жасыл түсті, өзіне тән иісі бар шөп ұнтағын тауып, тәркіледі.
Дәл осыған ұқсас оқиға өткен сейсенбі күні де орын алды. Қалашықтағы бір серіктестік жатақханасының маңында келе жатқан жігітті тексерген тәртіп сақшылары екі куәгердің қатысуымен тінту жүргізген-ді. Нәтижесінде оның да қалтасынан өзіне тән иісі бар жасыл шөп тектес ұнтақ шыға келді.
Тәркіленген заттар арнайы сараптамаға жіберіліп, күдіктілер үстінен тексеру жұмыстары жүргізілу үстінде.
Ербол ЕСЕНОВ