Атырауда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 109 жоба жүзеге асады (ФОТО)
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында жүзеге асқан жұмыстар жөнінде сараптамалық кеңес отырысы өтті.
Жиынға аталған кеңес мүшелерімен қатар, өңірге іссапармен келген Қазақстан халқы Ассамблеясының Батыс Қазақстан облыстық филалынан делегаттар қатысты.
Шарада «Рухани жаңғыру» бағдарламасының Атырау өңірінде іске асырылу барысы туралы облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Жасұлан Бисембиев баяндады. Оның айтуынша, аймақта жобалық кеңсе құрылып, менеджмент негіздері қолданылып, 109 жоба қолға алынған. Соның ішінде 18-і демеушілер есебінен қаржыландырылған.
«Атамекен» кіші бағдарламасы бойынша 1 миллиард теңгеден аса қаржыға 11 жоба жүзеге асты. Демеушілердің қолдауымен Жылыой ауданында «Ырыс» спорттық кешені, «Анашым» балабақшасы, «Атамекен» саябағы, Исатай ауданы Аққыстау ауылында «Сазанқұрақ» аллеясы салынып, пайдалануға берілді. Бұдан басқа «Рухани қазына», «Тәрбие және білім», «Ақпарат толқыны» кіші бағдарламалары арқылы бірқатар жобалар іске асты»,-деді Жасұлан Орақұлы.
Ол алдағы атқарылар міндеттерге де тоқталып, өңірлік жобалық кеңседе сараптамалық топтың диалогтық алаңдары құрылатынын, қала, аудан, ауыл халқының әлеуметтік сұраныс деңгейіне талдау жүргізілетінін айтты.
Сондай-ақ, ҚР Мәдениет қайраткері, кеңес мүшесі Абат Кенжеғалиев қоғамдық сананы жаңғырту жөніндегі ойларымен бөлісіп, ұсыныстарын ортаға салды.
Қазақстан халқы Ассамблеясы Батыс Қазақстан облыстық филиалы төрағасының орынбасары Ғайса Қапақов пен Атырау облыстық филиалы төрағасының орынбасары Гүлмира Шәкірова екі өңір аралығында тәжірибе алмасып, біріккен жұмыстар атқару мақсатында Меморандумға қол қойды.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА