Қашаған қуатына қашан шығады?

экономика 1 Жаңалықтар

Бұрынғы жылдары жазған материалдарымыздың бірінде Каспий теңізінің қазақстандық бөлігінде табылған Қашаған кен орнын шын мәнінде бой бермейтін қашаған, құрық салдырмайтын асау атқа теңеген едік. Расында да, оны игеру оңай болмады. Соның салдарынан қатарға қосылу мерзімі бірнеше рет кейінге шегерілді. Әбден түңілген кейбір инвестор жобаға қатысушылар құрамынан шығып та кетті. Бірнеше оператор ауысты.

экономика

Енді, міне, өткен жылы кен орны қайтадан қатарға қосылып, теңіздегі ұңғымалардан құрлықтағы қондырғыға тартылған әрқайсысының ұзындығы жүз шақырымға жуық қос тұрбамен көмірсутегі шикізаты жүре бастады.

Дегенмен, дүниежүзілік додада көмірсутегі шикізатының бағасы тым төмен болып тұруы оның өзіндік құнын да ақтамауда. Соңғы екі-үш жылда бірер саты жоғары-төмен өзгергенімен, әр барреліне 55 доллар төңірегінен қозғалмай тұр. Сарапшылардың пайымдауынша, биылғы болжам да осы шамада сақталмақ. Мұндай ахуалдың қанша уақытқа созыларын ешкім де тап басып айта алмайды. Өйткені, мұнайлы мемлекеттердің басын біріктіретін ОПЕК ұйымы да дәрменсіздігін мойындап отыр. Оның Сауд Арабиясы секілді көмірсутегі шикізаты қоры мол елге экспорт көлемін шектеу жөніндегі өтініші орындалмады. Оның үстіне, Иран «қара алтын» нарығына қайта оралды. Міне, әлемдік аренада осындай мықтылар мызғымай тұрғанда Қашаған мұнайы үлкен сұранысқа ие болар ма екен? Тапсырыс табылғанда да осы сыртқа арзанға сату жұмсалған шығынды өтей ме?

Бәзбіреулер Қашағаннан Қазақстанға таяу уақытта көп пайда түспейтінін де айтады. Бұл сөздің жаны да бар. Әйтсе де, ол терең талдауды қажет етеді. Жалпы, баршаға белгілі жай – жобада кімнің үлесі көбірек болса, сол қомақты қаражат салуы шарт. Ал, салмағы басым қатысушы шешуші дауысқа да, толымды табысқа да ие. Сондықтан, Қазақстан жағы жобадағы өзінің пайыздық үлесін көбейтіп, өзге іргелі компаниялармен терезесі теңесті. Демек, ортақ істі тындыру үшін бұрынғыдан да көбірек қаражат жұмсауға тура келді. Яғни, шығын өсті.

Алайда, бұл – қайтарымсыз жұмсалған қаржы емес. Рас, бастапқыда шыққан шығынды жабу үшін кеніштен алынатын өніммен есептесуге тура келеді. Яғни, сыртқа шығарылған шикізаттан түскен табыс қарызымызды өтеуге жұмсалады. Бірақ, Қашаған тәрізді қайтарымы мол кеніштің берешегімізден тезірек арылуға жағдай жасайтыны да кәміл. Әрі, жобаға қатысушылардың еліміздің қолданыстағы заңдылықтарына сәйкес Қазақстан жағына төлейтін міндетті төлемдері мен салықтары бар. Оның да көлемі қомақты. Сонымен қатар, өнім өндіріп, табыс түсірген соң НКОК компаниясы аймақтың әлеуметтік мәселелерін шешуге бұрынғыдан да көбірек қаражат бөлуі ықтимал. Демек, Қашаған түбі ел игілігіне айналары ақиқат.

Енді Қашаған қашан қуатына шығады? Әу баста мұнда 6,4 млрд. тонна мұнай бары айтылған. Өткен жылы кеніштің алғашқы бір миллион тонна өнімі Каспий тұрба құбырлары консорциумы  арқылы экспортқа шығарылды. Биыл оның көлемін жеті миллионға жеткізу жоспарланған. Қазіргі қалыпты қызметке қарағанда бұл меженің алынарына күмән да жоқ.

Жалпы, Қашаған – дүние жүзінде соңғы қырық жылда ашылған ең ірі кен орны. Әлемдік сарапшылар мұны әлдеқашан мойындаған. Рас, мұнай құрамында 17 пайыз күкіртті сутегі бары көңілге күдік те ұялатады. Бұл да дүниежүзілік деңгейде бағалы шикізат саналғанымен, айналасына қауіпті екендігін жоққа шығармаған жөн. Оның Теңіз кенішінде біраз жыл тау болып үйіліп жатқаны кезінде үлкен дауға себеп болған. Экологтар талай мәрте дабыл қағып, жұртшылық алаңдаушылық танытқан. Міне, Қашағанға қатысты да осындай жәй орын алмас па екен? Инвесторлар оның көп қоры жиналмайтынын, бәрі сатылымға шығарылатынын айтқанымен, ойлағандай бола ма? Ертең мұндай өнімге тапсырысшы табылмаса, оны қайда жібереді? Жоба бойынша күкіртті сутегі қоймасы қарастырылған. Бірақ, көп көлемде жинақталып қалса, бәрін сақтауға мүмкіндік бар ма?

Оның үстіне, Атырауда ұйымдастырылған қоғамдық тыңдауда айтылғанындай, Солтүстік Каспий жобасы бойынша тәжірибелік-өндірістік өнім өндіру уақыты ұзартылмақ. Инвестор ортаға осындай ой тастады. Әрине, оған жергілікті экологтар қарсылық білдірді. Жалпы, тәжірибелік саты дегеніміз не? Рас, бұл кезде де өнім өндіріледі. Оны сыртқа шығаруға да болады. Түскен пайдадан тиісті төлем де төленеді. Бір қарағанда, ешкім де ұтылмайды. Әйтсе де, тәжірибелік саналатын осы кезеңнің жауапкершілігі шектеулі. Яғни, күтпеген жағдай туа қалса, кінәліге қажетті қатаң жаза қолданылмауы ықтимал.

P.S. Қайткенде де, Солтүстік Каспий жобасы әлемді алаңдатып отыр. Алдымен, оған қомақты қаражат құйғандар лайықты қайтарым күтеді. «Алмақтың да салмағы бар» дегендей, Қазақстан жағы инвесторларға күткендегідей нәтижеге қол жеткізуге жайлы жағдай туғызуы тиіс. Халықаралық келісім соны жүктейді. Бұл елімізге өзге де инвесторлардың қызығушылығын туғызуы ықтимал. Мәселен, бірнеше жыл бойы жүргізілген кешенді іздестіру шаралары нәтижесінде Каспий маңы ойпатындағы тұзасты қабатында мұнайдың мол көзі бар екендігі дәлелденді. Елбасы оны игеру үшін шетелдіктермен қосылып бірлескен кәсіпорын құруды тапсырды.

Қашаған мұнайы Каспий тұрба құбырлары консорциуымы желісіне екінші өмір сыйлады. Қазір мұнда кеңейту жобасы мәреге жетуге жақын. Демек, келешекте өнім өткізу деңгейі артады. Яғни, оның бойымен Теңіз кенішінің ғана емес, өзге де кен орындарының «қара алтыны» әлемдік сатып алушыларға жол тартпақ.

Меңдібай СҮМЕСІНОВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз