Атырауда ұрлықпен айналысқан қылмыстық топ құрықталды (ФОТО)
Атырауда ұрлықпен айналысқан қылмыстық топ құрықталды. Олар қыркүйек айынан бастап қала маңындағы үйлерді тонап, құнды дүниелерін қолды еткен.
Облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, қылмыстық топтың құрамында 23 жасар екі жігіт және 20 жастағы жасөспірім болған. Барлығы да Атырау қаласының тұрғындары.
Бүгінде 9 эпизод бойынша ұрланған заттардың иелері анықталып отыр. Олардың үшеуі Балауса ықшам ауданынан, алтауы Ақсай селосынан қолды болған.
Атырау қалалық ішкі істер басқармасы №1 қалалық полиция бөлімі бастығының орынбасары Есенбек Бисаховтың айтуынша, ұрланған заттардың арасында негізінен алтын бұйымдары, киім-кешектер, ноутбуктер, ұялы телефондар, ойын приставкалары және т.б. бар.
«9 үйдің адамы өздерінің заттарын таныды. Ал, қалған бұйымдардың иелері әлі табылған жоқ. Егерде тұрғындар өзіне тиесілі дүниені анықтаса, полиция бөліміне жолығуы қажет»,-дейді ол.
Қазіргі уақытта қылмыстық топтың мүшелері тергеу абақтысына қамалған. Оларға қатысты Қылмыстық Кодекстің 188-інші бабы, 2-інші бөлімі бойынша тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.
Айдос Қарабала
Фото Атырау облыстық Ішкі істер департаментінен алынған