Атырауда «Президенттің бес әлеуметтік бастамасын» іске асыру барысы талқыланды
Аймаққа жұмыс сапарымен келген Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары, Президент Әкімшілігінің Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Леонид Прокопенко этномәдени бірлестік жетекшілерімен кездесті. Ассамблея институтын дамыту, алдағы уақытта жүзеге асырылатын ауқымды жобалар мен заңға енгізілген өзгертулер мәселесі сөз болған еркін форматтағы жиынға облыс әкімі Нұрлан Ноғаев қатысты.
Қоғамдық келісім орнаған өңірде көптеген ұлт өкілдері мен 19 этномәдени бірлестік барын айтқан аймақ басшысы Атырау облысына арнайы келген мейманға ризашылығын жеткізді.
Ел бюджетіне қомақты қаржы аударып, күретамырына айналған аймақтың артықшылығын атап өткен Леонид Прокопенко Еуропа мен Азия құрлығын байланыстырып тұрған мұнайлы астананың маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ, Қазақстан халқы Ассамблеясының алға қойған мақсат-міндеттеріне тоқталды.
– Қазақстан дамыған отыз елдің қатарына ену міндетін қойып отыр. Ал, бұл орайда тұрақтылық пен татулықты сақтаудың, дамытудың маңызы жоғары. Елбасы алдымызға ұлттық жаңғыру міндетін қойды. Биыл Ассамблея жұмысын түбегейлі нығайту бағытында «ҚР Қазақстан халқы Ассамблеясы» туралы заңға өзгертулер енгізілді. Мұнда этномәдени бірлестік өкілдерін мемлекеттік қолдау мақсатында жаңа норма пайда болды. Осыған байланысты ең алғаш рет еліміздегі этномәдени бірлестіктер қоғамдық аккредитациядан өтетін болады. Бұл жұмысты жандандыруға оң септігін тигізбек. Яғни, бірлестіктеріміздің құжат айналымы реттеліп, жұмыстарын жетілдіру бағытында мемлекеттік тапсырыс бойынша жұмыс жасай алады. Аккредитация ережесін қараша айында әзірлеуді жоспарлап отырмыз. Сондықтан, келесі жылдың бірінші жартыжылдығында – өңірлік, екінші жартыжылдығында республикалық этномәдени бірлестіктер аккредитациядан өтетін болады. Бұл өзгерістер рухани жаңғыру, этносаралық қарым-қатынасты жетілдіре түседі. Ассамблея өкілдері басым бағыттардың бірі ауыл шаруашылығы саласын дамытуға атсалысуы қажет. Мәселен, жерлестеріңіз В.Розметовтың еңбегі ерекше атап өтуге лайықты, – деген Леонид Андреевич «Достық үйінің» жұмысын біріздендіру бағытында бірқатар жұмыстар қолға алынатынын айтты.
«Достық үйі» – біздің басты мәдени орталығымызға айналуы тиіс. Ол жерде этномәдени бірлестіктер, «Аналар кеңесі» мен қоғамдық келісім, медиация кеңестерінің нәтижелі жұмыстар атқаруы үшін барлық жағдай қарастырылуы керек», — деді Л.Прокопенко.
Сондай-ақ, ол жастармен жұмысты жандандыру, бірлік пен татулықтың маңызын түсіндіру бағытындағы жұмыстар жүргізу қажеттігін айтты. Бұл орайда бастау алған Қазақстан халқы Ассамблеясының «Ұлы дала елі», «Қазақтану», «100 жаңа есім» жобаларының маңыздылығына тоқталды. Жобаларды жүзеге асырудағы жаңашылдықтарды түсіндіріп берді. Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары «Қайырымдылық керуені» жылдың дәстүрлі қорытынды шарасы биыл Атырауда өтетінін, аталған форум барысында жаңа жобалардың таныстырылымы болатынын мәлім етті. Кездесу кезінде этномәдени бірлестік өкілдерін мемлекеттік тілді меңгеруге шақырып, алда 2025 жылға дейінгі Ассамблея тұжырымдамасын дайындау міндеті тұрғандығына тоқталды.
Жиын барысында өңірде атқарылып жатқан бірқатар жұмыстарға тоқталған Нұрлан Ноғаев Елбасының бес әлеуметтік бастамасы аясында атқарылған жұмыстар жөнінде айтты. «Бес әлеуметтік бастаманы жүзеге асыру бағытындағы жұмыстар басталып та кетті. Екінші деңгейлі банктер арқылы «7-20-25» бағдарламасы жүзеге асуда. Тұрғындар ипотекалық үйлердің алғашқы легіне қол жеткізе бастады. Үш жоғары оқу орны жатақханамен қамтылған, жайлылығын одан әрі жақсарта түсу үшін жұмыстанып жатырмыз. Нақты жұмыс жоспарымыз бар. Биыл бір жатақхана бой көтерді, енді екеуінің құрылысын бастағалы отырмыз. Өткен жылы студенттерге жергілікті бюджеттен 222 грант қаралса, биыл оның саны көбейіп отыр. Гранттың 54-і дәрігер мамандықтарына бөлінді. Біз осы арқылы кадр тапшылығын азайтуды жоспарлап отырмыз. Алматы, Астана, Қарағанды қалаларындағы жоғары оқу орындарында білім алып, бес жылға тарта уақыт туған жерінде жұмыс жасайтын болады. Газдандыру бағыты бойынша Азғыр жеріне газ тартылуда.
«Тағы бір айта кетер жайт, еліміздегі «қара алтын қорының» 50 пайызы өңірде өндіріледі. Мемлекет басшысының экономиканы әртараптандыру бағытындағы тапсырмаларына сәйкес аймақта басқа да салаларды дамытып жатырмыз. Оның ішінде ауыл шаруашылығы саласы да бар», — деді облыс әкімі Нұрлан Асқарұлы.
Аймақ басшысы сондай-ақ, Атыраудан бой көтеретін жаңа «Достық үйінің» жобалау сметалық құжаттамалары дайындалу үстінде екенін мәлімдеді.
Кездесу барысында мәртебелі мейман Леонид Прокопенко жергілікті этномәдени бірлестік жетекшілерінің ұсыныс-пікірлерін де тыңдап, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясындағы «Видергебурт» неміс этномәдени бірлестігінің төрағасы Олег Шмальдың ұсынған жобасына қолдау білдірді.
Мәлике Қуанышева
Олег ШМАЛЬ, «Видергебурт» неміс этномәдени бірлестігінің төрағасы:
Авто—мото шеруі өтеді
– Біз жаңа Жібек жолының Қытайдан Батыс Еуропаға дейін, Сары теңізден Солтүстік теңізге дейінгі ең ұзақ бағытын қамтуды жоспарлап отырмыз. Халықаралық деңгейдегі жолымыз 12 мың шақырымды құрайды. Әрине, ауқымдылығы қаражатқа байланысты болғандықтан, серіктестік пен демеушіліктен бас тартпаймыз. Бұл авто-мотошеру одаққа мүше елдер арасында алғаш рет өткізіледі. Сондықтан, біз қатысушылар жинап, көлікті жабдықтап, тыңғылықты дайындалғымыз келеді. Жобамыз келесі жылдың сәуір-мамыр айларында жүзеге асады деп күтілуде.
Зураб БОБОХИДЗЕ, «Иверия» грузин этномәдени бірлестігінің жетекшісі:
Бірлескен істің берері мол
– Тәуелсіз Қазақстанды мекен еткен барлық ұлт өкілдерінің ынтымақты бірлігі, өзара сыйластығы мен достық қарым-қатынастағы тірлігі тұрақтылыққа кепіл болып келеді. «Ынтымақты елге бақ қонар» демекші, тілі, діні өзге болғанымен бәрімізді бір арман-мақсат ұйыстырып отырғанда, алынбайтын қамал болмайтыны сөзсіз. Сондықтан, бәріміз ортақ Отанымыз – Қазақстанның қарыштап дамуына үлесімізді қосуға тиіспіз. Оған мол мүмкіндік бар, облыстық басшылық та үнемі қолдау көрсетіп келеді. Сондықтан, әріптестерімді бірлесе жұмыс жасауға шақырамын.