“Талаптыға қанат бітіреді”

мерей3 Білім

Ғабдол Сланов атындағы Атырау облыстық әмбебап

кітапханасының директоры Гүлжанай Қалиева:

– Қазақтың көрнекті драматург-жазушысы Рахымжан Отарбаев шығармашылығына арналған «Рахымжан оқулары» қашаннан бері өткізіліп келеді? Мақсаты қандай?

GE DIGITAL CAMERA

– Қазақстан Жазушылар Одағы Атырау филиалының  бастамасымен және  Атырау облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының  қолдауымен  2015 жылдан бастап  «Рахымжан оқулары» атты көркемсөз шеберлерінің  байқауы  өткізіліп келеді. Мұны өткізудегі мақсат – кітапханаларда жазушы-драматург Рахымжан Отарбаев шығармашылығын жан-жақты зерделеу және жастар арасында кеңінен танымалдандыру, кітаптарын оқуға тарту. Жастар мен жасөспірімдердің шығармашылық дарынын анықтау және қолдау, шығармашылық әлеуетін көтеру.  Сонымен қатар, оқу мәдениетін қалыптастыру мен дамытуға осындай оқулар арқылы ықпал ету.

– Рахымжан Отарбаев шығармашылығына жастардың қызығушылығы бар ма?  Болса, неліктен деп ойлайсыз?

– Бүгінде  кітаптан басқа ақпарат көзі көп болғандықтан, әдеби шығарма оқу деңгейі төмендеп кеткені белгілі. Дегенмен, кітап оқитын жастар жоқ десек қателесеміз. Шынайы өмірден алынған, тілі көркем, оқырманын оқи бастағаннан-ақ баурап  алатын, әрі қарай қызықтыра түсетін шығарма сөзсіз оқылады. Рахымжан Отарбаев шығармалары – сондай дүниелер. Сондықтан, аталмыш байқауға қатысушы талапкерлер өте көп. Бұл жазушының шығармалары жастардың жанына жақын. Себебі, онда бүгінгі қоғам суреті кескінделеді. Ал, жас буынның шындықты сүйетіні баршаға белгілі.

– «Рахымжан оқуларына» былтырғы жылы қанша жасөспірім қатысты? Олардың ішінде кімдерден үміт күтуге болады?

– Былтырғы жылы   «Рахымжан оқуларына» жиырма үміткер қатысып, бағын сынады. Олар – аудандық, қалалық сайыстардың жеңімпаздары. Өйткені, бұл сайыс екі айналымда өтеді. Бірінші айналым – аудандық, екінші кезең  облыстық масштабты қамтиды. Сайыскерлердің арасынан Махамбет ауданы, Ақтоғай селосынан келген жетінші сынып оқушысы Махамбет Сансызбай берілген шығарманы ерекше мәнерлеп оқуымен көзге түссе, Құрманғазы ауданы, Гагарин атындағы орта мектебінің сегізінші сынып оқушысы Марта Сидағалиеваның көркем  шығармаға деген ықыласы айқын білініп тұрды.

– Жазушы шығармаларында  жастар, туған жер, Отан тақырыптары қалай қозғалған? Жалпы, ол өз шығармаларының бастауын қайдан алады деп ойлайсыз?

– Рахымжан әңгімелері ауыл тақырыбын қамтиды. Онда өмір сүріп жатқан адамдар туралы оқығанда еріксіз езу тарттырады. Қаламгер шығармасына бар жан дүниесімен сүңгіп кеткен оқырман ауылды аңсаған жүрек лүпілін айқын аңғарады. Кейіпкерлердің жан дү-ниесінің  қоршаған ортамен, табиғат тылсымымен тұтастығы, табиғатты қорғау, жердегі тіршілікті сақтау идеясы көтерілген.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, шығармалардың кейіпкері – аңғал, ақ-көңіл ауыл адамдары. Бәріміздің балалық шағымыз ауылда өткендіктен, бұл бейнелер бізге таныс, ыстық. Сондай-ақ,    жастар, туған жер, Отанды сүю жазушы шығармаларында өте шебер баяндалады.

– Аталмыш сайыстың шарты қандай? Оған кімдер қатыса алады?

– Биылғы өткізілетін сайысқа екі облыстық, екі қалалық, жеті аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі бойынша  әрқайсысынан он бес пен жиырма бір жас аралығындағы бір оқырман-талапкерден қатысады деп күтілуде.

Көркем сөз оқу шеберлерінің облыстық сайысына қатысатын оқырман-талапкер жазушы-драматургтің  кез келген прозалық шығармаларынан  үзінді оқи алады. Оқылатын үзінді нақышына келтіріліп, мазмұн-мағынасының ашылуына зор мән берілуі тиіс. Шығарманың көркемдік ерекшелігін арттыру үшін қосымша тәсілдерді, музыка және басқаларды қолдануға болады.

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз