Атырауда облыстық мәслихаттың ХХV сессиясы өтті.
Аймақтық мәслихаттың кезекті отырысында өңір басшысы Нұрлан Ноғаев жиынға қатысушыларға Атырау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуын айтып өтті, — хабарлайды өңірлік коммуникациялар қызметі.
Облыс әкімінің баяндауынша, қазіргі уақытта өңірдегі экономикалық жағдай тұрақты, Мемлекет басшысының тапсырмалары орындалуда, сонымен қатар, барлық мемлекеттік бағдарламалар жоспарға сәйкес жүзеге асырылған.
«Кәсіпкерлік саласына келетін болсақ, бүгінгі күні Атырау облысында 45 906 белсенді шағын және орта бизнес субъектісі тіркелді, бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша олардың жалпы сомасы 413,3 миллиард теңгенің өнімі өндірілді. Бұл өткен жылғыдан 38,7 пайызға жоғары. Шағын және орта бизнес субъектілерінде бірінші тоқсан бойынша 121,9 мың жұмыс орны құрылды», — деді Нұрлан Ноғаев.
Бұдан өзге, Атырау облысында бизнесті қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар бойынша жалпы сомасы 3,1 триллион теңгеге 31 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда, мұнда 3635 жұмыс орны ашылды.
Ауыл шаруашылығында да жақсы нәтижелерге қол жеткізілді. Бүгінгі таңда егіс алқабының жалпы ауданы 8 616 гектарды құрайды, тамшылатып суару әдісі 2,540 гектарға пайдаланылуда. Балықтың құнды түрлерін сақтау және көбейту үшін Қиғаш өзені бойынша 132 шақырым, сондай-ақ, Жайық өзенінің 62 шақырымында балық өсіру каналдары тереңдетілген.
«Облыста жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайызды құрайды. Биыл 27 613 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарда болса, 8 айдын көрсеткіші бойынша 20 182 жаңа жұмыс орны құрылды, оның ішінде 11 260 орын тұрақты», — деді өңір басшысы.
Бүгінде білім беру саласында облыста 4 мектеп апаттық жағдайда. Олардың 1-еуіне жаңа ғимарат салу басталды, ал қалған үшеуіне жобалық сметалық құжаттамалары әзірленуде. Атырау облысында қазіргі таңда үш ауысыммен оқитын 14 мектеп бар. Бұл мәселені шешу үшін 14 жаңа мектептің құрылысы басталды, тағы 8 мектеп мемлекеттік-жекеменшік әріптестік қағидаты бойынша салынатын болады. Жаңа оқу орындарының іске қосылуы мектептердегі оқушылардың кептелу мәселесін шешуге мүмкіндік береді.
«Балабақшалар бойынша мектеп жасына дейінгі балаларды қамту 95 пайызды құрайды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша бұл көрсеткішті 100 пайызға жеткізу жоспарлануда. Жергілікті бюджет қаражаты және аймақтағы жер қойнауын пайдаланушылардың әлеуметтік аударымдары есебінен балабақшалар мен мектепке дейінгі мекемелер салынады. Мәселен, өңірдегі МЖӘ қағидасына сәйкес 20 жаңа балабақша салу жоспарлануда», — деп мәлімдеді облыс әкімі.
Облыста ана мен бала өлімінің, туберкулездің және онкологиялық аурулардың төмендеуі байқалады. Медициналық нысандар қазір 100% интернетке толық қосылған компьютерлік техникамен жабдықталған. Қызметтердің көпшілігі электронды форматта ұсынылады.
Қазір өңірде МЖӘ негізінде екі маңызды жоба іске асырылуда — көшелерді жарықтандыруды жаңғырту, сондай-ақ, ауыл тұрғындарына рентгенография қызметтерін көрсету. Бұл ретте Атырау қаласы мен оның маңындағы аудандарда жалпы ұзындығы 106 шақырым болатын 39 көшеге жарық орнатылған. Сонымен қатар, МЖӘ шеңберінде аймақтағы 194 көшені қамтитын көше жарықтарын орнатуға келіссөздер жүргізілуде.
«Жер қатынастары саласында бүгінгі таңда 500 мың гектар жер мемлекеттік меншікке қайтарылды, жақын арада аукциондарда жер телімдері шығатын болады. Жеке тұрғын-үй құрылысына бөлінген 400 учаскеге барлық қажетті инфрақұрылымдар жүргізілуде. Бұдан басқа тағы 3500 жер учаскесіне инженерлік коммуникациялар тартылды», — деді Нұрлан Ноғаев.
Бүгінгі күні қоғамдық қауіпсіздік саласында облыс орталығына кіре берісте 4 стационарлық полиция бекетінің құрылысы аяқталып, қала маңындағы аудандарда 20 полиция учаскесі салынуда.
Атырау облысы әкімінің баяндамасын облыстық мәслихаттың депутаттары мақұлдап, оң бағасын берді.