Атырауда ұн тартатын диірмен іске қосылды
11 желтоқсан индустрияландыру күні аясында өткен телекөпірде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен ұн тартатын диірмен іске қосылды, деп хабарлайды өңірлік коммуникациялар қызметі.
– Ұн тартатын диірмен жобасы ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар аясында қолға алынған. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы да септігін тигізді. Диірмен қазіргі заманғы итальяндық жабдықпен қамтылған. Басқару процесі толығымен автоматтандырылған.Өндірісті планшет арқылы басқаруға болады, – дейді жоба жетекшісі Рашид Отаров.
Диірмен «Дәулет» жекеменшік индустриялық аймағында орналасқан. Кешеннің басты бағыты – нан және макарон өнімдерін дайындайтын жоғары және бірінші сұрыптағы ұн алуға қажет бидайды өңдеу. Ұнтақ жарма мен кебек шығару да жоспарда бар. Мекеменің мақсаты – азық-түлік және жеңіл өнеркәсіптерде 100 пайыз қазақстандық мазмұнды дамыту, отандық тауар өндіруді ұлғайту.
Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев телекөпір басталғанға дейін өндіріспен танысып, мұндай жобалар мұнайлы өңір үшін маңызды екенін атап өтті. Жергілікті сапалы өнім болашақта сырттан келетін ауыл шаруашылығы тауарларымен бәсекеге түсе алады.
Жоба бастамашыларының айтуынша, өндіріске қажет бидай Солтүстік Қазақстаннан сатып алынады. Шығарылатын өнім Қазақстанның батыс өңірінің қажеттілігін толық жабады. Болашақта ТМД және Азия елдеріне экспорттау жоспарланып отыр.
Айта кетейік, жалпы құны 4,4 млрд теңге болатын жоба жылына 55 мың тонна өнім шығарады.