341477f346bc112e54c9

Көп балалы аналарға берілетін мемлекеттік жәрдемақыға құжат жинау желтоқсанның 31-іне дейін жүргізіледі

Жаңалықтар

Atr.kz/4 желтоқсан, 2019 жыл. Әлеуметтік желіде желдей ескен мәлімет шындыққа жанаспайтын болып шықты.

«Келесі жылдан бастап көп балалы аналарға берілетін мемлекеттік жәрдемақыға құжат жинау 4-желтоқсанға дейін ғана қабылданады» деген хабарламаға бола Халыққа қызмет көрсету орталығына асыққан жұртшылық ұзын-сонар кезек күтіп әлек. Бұл, әрине, көп балалы аналардың ренішін туғызғаны белгілі.

-Мәліметті кім таратқанын білмеймін, бірақ, төрт баласы бар аналар 4-желтоқсанға дейін өтініш тапсыруы тиіс деген хабарлама қайта-қайта келгесін Халыққа қызмет көрсету орталығына жеттім. Алайда, қаладағы барлық орталық халыққа лық толы. Кезекте шек жоқ. Мысалы, менің алдымда сегіз жүз адам бар. Әлі қашанға дейін тұратынымды білмеймін. Оның үстіне, база да ақау пайда болып, құжат қабылдау уақыты ұзаққа созылып кетті, – дейді қала тұрғыны Ақмарал Бауыржанқызы.

Мұның себебін облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Серік Хамидолла былайша түсіндірді:

-Кейбіреулер ақпаратты дұрыс түсінбеген болуы керек, шын мәнінде, уәкілетті орган өкілдері 4-желтоқсанға дейін келесі жылдан бастап көп балалы аналарға мемлекеттік жәрдемақы тағайындалатынын ауылдық елді мекен тұрғындарын хабардар етуі тиіс болатын. Дұрысында, құжат қабылдау желтоқсан айының 31-іне дейін жүргізіледі. Көп балалы аналарға жәрдемақы тағайындау үшін мәлімет базаға қаңтардың 4-інен бастап енгізіледі, – деді ол.  

      Айбөпе САБЫРОВА

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған