Атырауда Нұрлан Балғымбаевты еске алуға арналған волейболдан Ұлттық турнир басталды (ФОТО)
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің «Жайық» мәдени-спорт кешенінде 18-24 қыркүйек аралығында мемлекет және қоғам қайраткері, бұрынғы Премьер-министр Нұрлан Балғымбаевты еске алуға арналған волейболдан Қазақстан Республикасы Ұлттық лига ерлер командалары арасында турнир басталды.
Ел кубогіне дайындық, әрі жолдастық кездесу есебінде өткен жарыста Ақтау қаласынан «Маңғыстау», Хромтау, Павлодар және Атырау қалаларынан төрт команда өзара бақ сынасты. Аймақтағы мұнай компанияларының басшылары қатысқан шараның ашылу салтанатында еліміздің Парламенті Сенатының депутаты, Атырау облысының волейбол федерациясының президенті Ғұмар Дүйсембаев қатысушыларға сәттілік тіледі.
– Нұрлан Өтепұлы – еліміздің әлеуметтік-экономикалық тұрғыда ғана емес, спорт бағытында да дамуына үлес қосқан бірегей азамат. Қарапайым мұнайшы өңірдің «қара алтын» кәсіпшілігін жоғары дәрежеге көтерді. «Искер» корпорациясы мен Атырау мемлекеттік университетінің қолдауымен Атырауда алғаш рет өтіп отырған турнир алдағы уақытта дәстүрге айналады деп сенеміз, — деді ол.
Атырау облыстық волейбол командасы жауапкершлігі шектеулі серіктестігінің заңгері Маркс Хасанов алдағы қазан айына жоспарланып отырған ел біріншілігі Атырауда өтіп қалу мүмкіндігін жоққа шығармайды. Бұл аймақ спортын дамыту үшін өте маңызды.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ
Суреттерді түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ.