АЛТЫН ЖҮЛДЕГЕР – АТЫРАУДА

ЕАС 578 Жаңалықтар

Облыс жұртшылығы Ниджат Рахимовты қарсылады

 Бразилияның Рио-де Жанейро қаласында өткен ХХХІ жазғы олимпиада ойындарының чемпионы, ауыр атлет, жерлестеріміз – Ниджат Рахимов пен таэквондо шебері Дениз Жансель бүгін Атырауға келді.

ЕАС 578

ЕАС 602

Атыраулық спорт саңлақтарын әуежайдан облыс әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиев салтанатты түрде қарсы алды. Гүл шоқтары ұсынылып, әуелеген ән төгілді. Жиналған мектеп оқушылары мен жоғары оқу орнының студенттері де мәре-сәре болып, спортшыларды ұлықтады.

Одан әрі Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің «Жайық» спорт кешенінде кездесу ұйымдастырылды. Жиынға облыс әкімі Нұрлан Ноғаев қатысып, барша Алаштың арманын орындаған жүлдегерді құттықтап, ақ тілегін жаудырды.

– Бүгін – еліміз үшін елеулі күн. Себебі, Рио-де Жанейрода өткен олимпиадада жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар болып топ жарған алтын жүлде иегері Ниджат Рахимов ортамызға келіп отыр. Облыс атынан олимпиадаға қатысып, өз қарсыластарын сөзсіз жеңді. Он бес жыл қаймағы бұзылмай тұрған әлемдік рекордты қайта жаңартты. Бұл – тек Ниджаттың ғана емес, Қазақстанның жеңісі. Ниджат – еліміздің көк байрағын алғаш рет Рио төрінде көкке көтерген зілтемірші. Бұл – облыс тарихындағы алғашқы олимпиадалық алтын жүлде. Біз мұндай жетістіктерімізбен мақтанамыз, – деген Нұрлан Асқарұлы бүгінде спортты дамытуда атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқталды.

– Елбасының сарабдал саясатының нәтижесінде спортқа баса көңіл бөлінуде. Жаңа спорт кешендері, мектепке дейінгі, жоғары оқу орындарында дене шынықтыру орындары ашылып, саланы түлетуде бірқатар жұмыс жүргізілуде. Соның айғағындай, кешегі олимпиадада еліміздің жүлдесі мол болды, – деді аймақ басшысы.

Салтанатты жиын барысында облыс әкімі Нұрлан Ноғаев Қазақ еліне Ниджаттай ұл сыйлаған оның ата-анасына алғыс айтып, иықтарына шапан мен камзол жапты. Ал, Ниджат Рахимовқа Астана қаласынан үш бөлмелі үйдің сертификатын тарту етті. Дениз Жансельге екі миллион теңгенің сертификаты ұсынылды.

Кездесу кезінде ерекше қошеметке бөленген спортшылар өздеріне көрсетілген мұндай құрметке риза болып, жергілікті жанкүйерлерге зор алғыс білдірді. Жиын соңы концерттік бағдарламаға ұласты.

ЕАС 406

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.

Суреттерді түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз

  1. Мухаммед

    Барекелді! , казыр букил жаналыктарды сайттан окып отыратын болдык, бирак газет окыган бир болеккой !

  2. Исламбек

    Казак спортшылары жасай берсін