Атырауда мас жүргізушінің кесірінен әкесі мен қызы зардап шекті
ҚазАқпарат — Атырауда машина руліне мас күйінде отырған жүргізушінің кесірінен жаяу жүргіншілерге арналған жолақтан өтіп бара жатқан екі адам зардап шекті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
«Жол -көлік оқиғасы Тайманов даңғылы мен Жарбосынов көшесінің қиылысында болды. Рулінде 46 жастағы Атырау тұрғыны болған KIA Sportage маркалы автомобиль жүргізушісі жаяу жүргіншілердің өтуін күтіп тұрған Nissan Primera машинасын соққан.
Қатты соққының салдарынан Nissan Primera орнынан алға жылжып кетіп, Атырау тұрғыны мен оның 15 жастағы қызын қаққан.
Дәрігерлердің қарауынан кейін әкесі үйіне қайтарылды, ал жарақаттанған қыз ауруханаға жатқызылды. Сараптама апатқа кінәлі жүргізушінің мас жағдайда болғандығын көрсетті.
Сот алды тергеу жүріп жатыр»,-деп хабарлады аймақ ІІД баспасөз хатшысы Назымгүл Қайсағалиева.