Атырауда мал ұрлығын азайту мақсатында GPS чип енгізіледі
Жергілікті полиция тұрғындар алдында есеп берді. Жаңа құрылымның халық тыныштығын сақтау, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде атап айтар жетістігі бар. Дегенмен, маңыз берер мәселелері де аз емес.
Облыстық ІІД жергілікті полиция қызметінің бастығы Нұрым Оразбаевтың айтуынша, мұнайлы аймақтағы ахуал тұрақты. Биыл қылмыс 16 пайызға (9043-тен 7592-ға) төмендеген. Тек Исатай ауданында келеңсіз жағдайлардың саны өскені байқалады.
«Маскүнемдікке қарсы күреске айрықша маңыз берудеміз. Ауыр және аса ауыр қылмыстардың орын алуына осы құбылыс себепші. Сондықтан, бұл бағытта профилактикалық жұмыс жүргізуге учаскелік полиция инспекторларына ерекше міндет жүктелуде. Маскүнемдікке қарсы заңнаманы бұзғандары үшін 11 мыңнан астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот шешімімен еріксіз емдеу мекемесіне маскүнемдікке шалдыққан 57 тұлға орналастырылды»,-деді жергілікті полицияның бастығы Нұрым Оразбаев.
Облыста көшелерде жасалатын қылмыс азайыпты, бұзақылық та кеміген. Алайда, полицейлерді мал ұрлығының тыйылмауы алаңдатып отырғанға ұқсайды. Қазір бұл қылмыс түрі жергілікті жерде 10,4 пайызға (96-дан 106-ға) өсіпті. Соның ішінде Құрманғазы, Исатай, Махамбет және Жылыой аудандарында көбірек кездескен.
Жүргізілген талдау барысында мал ұрлығының басым бөлігі жайылымдарда орын алғандығы анықталған. Оның себебі, иелерінің өріске малдарын бақташысыз шығаруы себепші екен. Осыған байланысты учаскелік полиция инспекторлары мен тұрғындар арасында бақташылармен келісімшарт жасау арқылы малды тек белгіленген жайылымдарда бағу және оған GPS чипін енгізу жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Мал ұрлығының алдын алу бағытында республикалық маңызы бар автожолдар мен стационарлық бекеттерде мал тасымалдайтын тұлғаларды тексеру жұмыстары ұйымдастырылып жатыр. Соның ішінде, тасымалданған малдардың сырғалануы, ветеринарлық анықтамасы және тағы басқа қажетті құжаттары тексеріледі.
«Соңғы мезгілде ауыл шаруашылығы бөлімдерінде тіркелмеген малдарды тасымалдау деректері орын алып отыр. Сол себепті, мүдделі органдар мен жергілікті тұрғындар арасында қайта түсіндіру жұмыстарын өткізу қажет»,-деді жергілікті полиция қызметінің бастығы.
Жиында тұрғындар түрлі сұрақтар қойып, тұшымды жауап алды.
Азамат БАЗАРБАЕВ
Фото abctv.kz сайтынан алынған