Атырауда ұлттық дәстүр ұлығыланды
Ұлыстың Ұлы күнін бүкіл Алаш жұртымен бірге Атырау халқы да «Исатай-Махамбет» алаңында ерекше сипатта тойлады. Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев салтанатты шарада тұрғындарды Наурыз мерекесімен құттықтап, елге бақ-береке, ырыс пен ынтымақ тіледі.
— Күн мен түн теңеліп, жуанның жұқарып, жіңішкенің үзілер шағында Ұлы даланы оятып, табиғатты жаңартып, елімізге, әр отбасыға қуанышын, несібесін, берекесін, ырысын, бар жақсылығын ала келген Әз-Наурыз құтты болсын! Тамырын тереңнен тартқан бұл мереке бес мың жылдың үстінде тойланып келеді. Наурыз тойы – табиғатпен біте қайнасып, оны қорғай отырып, өзінің өмірін үйлестірген адамзаттың, шығыс халқының мерекесі. Қазіргі таңда ұлтына, тіліне, дініне, діліне, басқа да ерекшеліктеріне қарамай барлық халық тойлайтын мейрам. Еліміз егемендік алғаннан кейін Тұңғыш Президентіміз Нұр-сұлтан Назарбаевтың Жарлығымен қайта жаңғырып, жылда тойланар мемлекеттік мереке дәрежесіне жетті. Сондай-ақ, Біріккен Ұлттар Ұйымының, ЮНЕСКО-ның шешімімен адамзаттың мәдени құндылықтары қатарына енді. Қазіргі таңда қазақстандықтар Наурызды жыл басы деп тойлайды. Бұл – Елбасымыздың жүргізіп отырған саясатын қазақстандықтардың қолдауының көрінісі,-деді облыс әкімі.
Сондай-ақ, Нұрлан Асқар-ұлы мерекені тойлау кезінде атыраулық сәбилердің тұсауын кесті. Бөбектердің бірінің тұсауын ала жіппен, енді бірін тоқ-ішекпен кескен аймақ басшысы бұл ырымдардың мағынасын түсіндіріп берді. «Ала жіппен кескеніміз – ешкімнің ала жібін аттамасын, еліне адал қызмет қылсын деген ниетіміз, ал тоқішекпен кескеніміз – елі, халқы тоқ болсын, Отанынан ырыс кетпесін деген тілегіміз» деді.
Орталық алаңда өткен театрландырылған көріністе Алаш арыстары Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Халел Досмұхамедовтер, Қазтуған жырау, Исатай мен Махамбет батырлар, Қазақ хандығының негізін қалаған Керей мен Жәнібек хандар, ел үшін қызмет еткен басқа да тарихи тұлғалар көрініп, тұрғындарды Наурыз мейрамымен құттықтады.
Бұл жылғы Наурызда шаһардың ықшамаудандары мен қала маңындағы елді мекендерін қосқанда алпысқа жуық киіз үй салтанаттың сәнін келтірді. Орталық алаңның өзінде 25 киіз үй құрылды.
«Үздік киіз үй» номинациясын «Өнерпаз» ЖШС ұжымы жеңіп алды. Бұл ұжымға Атырау қаласы әкімдігі атынан 300 мың теңгелік сыйлық табысталды. Киіз үйдің үздігі сыртқы әсемдігімен қоса, кәдімгі ағаштан жасалған табиғилығына байланысты таңдалынды. Жүлделі II орынды «Дәулет нан» индустриалды жекеменшік аймақ ұжымы иеленіп, 200 мың теңге көлемінде қаржылай сыйлық алса, III орыннан «Атырау облыстық адвокаттар алқасы» көрінді. Атал-ған ұжымға Алғыс хатпен бірге 100 мың теңге берілді.
Үздік ұлттық салт-дәстүрдің көрінісін «Сазанқұрақ» ЖШС қызметкерлері көрсетті. Өнерлі ұжым жұртшылық алдында сахналық қойылым ұсынды. «…Баяғы заманда байдың қызы болыпты. Бір күні әкесі оған өмірлік жар іздепті. Бай тапсырманы орындаған адамға ғана қызын бермекші болады…». Сазанқұрақтық қызметкерлердің дайындаған көріністері осылай жалғаса береді. Сайыс барысында әр мекеме ұлттық дәстүріміздегі құда түсу, келін түсіру, сырға салу, бесікке салу, тұсау кесу секілді ғұрыптарымызды паш етті. Кейінгі орындарды «Уорли Парсонс» ЖШС мен облыстық білім беру басқармасы иеленді.
«Ең дәмді Наурыз көжені» «Иманғали» орталық мешіті қызметкерлері дайындапты. Сондай-ақ, «Өнерпаз» ЖШС мен «Каспий құбыр консорциумы» акционерлік қоғамы да үздік көже пісіргендер қатарында аталды.
«Нұрсая» мөлтекауданындағы Олимпиада резервтерін дайындау орталығы мен «Атырау» волейбол клубы орналасқан ғимарат алдындағы алаңқайға қос киіз үй тігіліп, бейне бір қазақ ауылы көшіп келгендей әсер қалдырды. Жиналғандарды «Қаладағы тұрғын үйлерге коммуналдық қызмет көрсету» ЖШС-нің өкілі Кеңес Жұмағазиев құттықтады.
Қазіргі уақытта серіктестік Нұрсая мөлтекауданы, Сауырғалиев көшесі–21 мекен-жайы мен Сарыөзек елді мекеніндегі, жалпы саны 22500 тұрғыны бар 84 көп пәтерлі үйге коммуналдық қызмет көрсетеді. Күзгі-қысқы маусымда жылудың, ыссы және салқын судың үзіліссіз берілуін, тұрғын үйлер аумағы мен кірмедәліздерінің тазалығын, төлемдердің уақытылы төленуін қамтамасыз етіп, қадағалау осы мекеменің міндетіне кіреді. Осындай сан алуан қызмет түрлерін абыроймен атқарып, тұрғындардың ризашылығына бөленіп жүрген ұжым мүшелері жыл басын қарсылауда да ұйымшылдық пен ауызбірліктің үлгісін көрсетті. Өздерінің отауын сайлап, жайылған дастархан басына ақсақалдарды шақырып құрметтеді, батасын алды.
Палуандар бәсекесінде исатайлық Р.Таукен үшінші орынға тұрақтаса, атыраулық Ш.Хасанов екінші орынды еншіледі. Ал, А.Ахматов боз кілемдегі белдесудің бірінші орын иегері және түйе палуаны атанды. Жауырыны жерге тимеген жеңімпаз жігітке «Қаладағы тұрғын үйлерге коммуналдық қызмет көрсету» ЖШС бәйгеге тіккен қой байрақ ретінде берілді. Сондай-ақ, ләңгі тебушілер жарысында да нұрсаялық А.Ермекқали, жұмыскерлік А.Мырзабеков және көкарналық А.Мырзағалиев мықтылар сапынан көрінді.
Жыл басы Наурыз Атырау қаласындағы Мұқашев алаңында да тойланды. Алаңға Атырау темір жол бөлімшесі ұжымы киіз үйлер тігіп, қалалықтарға үлкен құрмет көрсетті. Сонымен бірге, түрлі ұлттық спорттық ойындар ұйымдастырды. Аталған мекеменің кадр бөлімі басшысы Бауыржан Ақназарұлының айтуынша, олар бұл мерекені айтулы табыстармен қарсылап отыр.
Алаңда өткен Наурыз мейрамында Амангелді атындағы өндірістік кооперативі, «Алмалы құс», тағы басқа да сауда ұжымдары саудаларын қыздырса, №№9, 10, 22, 23, 24, 27, 34 орта мектеп оқушылары ән-күй мен жырдан шашу шашып, қазақы ырымдар мен дәстүрлерді сахнада сомдады. Сол аймақтың тұрғыны Орынша Исмұханова мерекенің ойдағыдай өтіп жатқанын, әсіресе, кішкене балалардың ерекше мәз болып жүргенін айтты.
Бұрын өзіміз «Қарттар үйі», «облыстық қарттар мен мүгедектердің интернат үйі» деп жүрген мекеме енді «№4 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» деп аталатын болды. Осындағы сан ұлттың өкілінен тұратын қарияларды жыл басы — Наурызбен құттықтай барған ұжымдарда есеп жоқ десе де болғандай.
«Біз халықпен біргеміз!» атты қайырымдылық шарасын ұйымдастырушы волонтер жігіт Қайырғали Шаймардан осындағы жүз жанға үлкен қуаныш сыйлады. Қаладағы «Қызыл жар» мейрамханасы ұжымы, №24 орта мектептің өнерлі оқушылары үлкендердің көңілдерін көтеріп, сый-сияпаттар ұсынды.
Ал, «Атырау несие серіктестігі» ЖШС директоры Алтынай Ғұмарова үкімет үйіндегі қарттар үшін арнайы киіз үй тігіп, Наурыз мерекесін жоғары деңгейде өткізді. Бұл күні үлкендер арқа-жарқа болды, өздеріне осындай көңіл-күй сыйлаған ұжымға көптің атынан 89 жастағы Баяз Қаршығаев ақ батасын берді.
Алаңда қазақтың ұлттық спорттық ойындарынан сайыс өтті.
Қазақ күресі дегенде жанкүйер біткеннің делебесі қозып кететіні бар. Боз кілемде алпамсадай палуандардың аса тартысты белдесуін тамашалағандардың қатары көп-ақ. Нәтижесінде, жасөспірімдер арасында Нұржан Байғабыл, Рахат Нұрмұханов, Жұмабек Жолдасқалиевтер жүлделі орындарды қанжығасына байлады. Палуандар сайысында Ринат Лұқпанов, Табиғат Мағауия, Біржан Молдашевтардың бағы жанды.
Кір тасын көтеріп, қазақтың ұлттық ойыны саналатын «Ар-қан тартысуға» ер-азаматтар белсене атсалысты. Ұлық мерекені қыздыра түскен спорттық шара жүлдегерлері марапатталып, риза болып тарқасты.
Ұсыныс. Пікір. Тілек
Сюзанна ТОМСОН,
«Теңізшевройл» компаниясының маманы:
– Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мерекесі туралы білеміз. Мен Наурыз мерекесін Қазақстанда төртінші мәрте қарсы алып отырмын. Қанша көрсем де, ынтымақ пен бірліктің берекесі екеніне көзім жетіп келеді. Ұлттық мерекелеріңіз тамаша, маған өте ұнайды. Сонымен қатар, қазақстандықтардың меймандостығы мен татулығы мені таң қалдырады. Бүгінгі той – қазақ даласын мекендеген түрлі ұлттың да ортақ мерекесі.
Бимырза Тайжанов,
№1 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры:
— Наурыз — тек қана жыл басы емес, береке мен бірліктің, ізгілік пен татулықтың мерекесі. Тек ғана Атырау емес, барша қазақстандық Наурызды тойлап жатыр. Ақ мол болсын! Тауық жылы елімізге молшылық, ырыс әкелсін!
Мик КРЕЙЛИ, АҚШ азаматы:
– Жалпы, Наурыз мейрамы жайында осыдан он жыл бұрын Қазақстанға іссапармен келгенде естідім. Бұл жолы әріптес қазақ достарымның арқасында үстіме әдемі шапан киіп шығып тұрмын. Көптеген елде қызмет бабымен болдым. Қазақстан – менің қызметім бойынша ауысқан алтыншы елім. Қазақ халқы маған қатты ұнайды. Салтын жақсы көремін. Қазақстандықтарға өздерінің пейілдеріндей ең әдемі, жарқын өмірді тілеймін. Алдағы бес жыл осы қалада қызмет етпекпін. Сол аралықта бар күш-жігерімді көрсете отырып, барлық жаңалықты қазақ жұртымен бірге бөліскім келеді.
Бетті дайындағандар: Нұргүл ЫСМАҒҰЛОВА, Дәулетқали АРУЕВ,
Лиза СЕЙТІМОВА, Абай АҚМҰРЗИЕВ.
Суреттерді түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ.