Атырауда күй өнерінің дүлдүлі Сәлімгерей Садықовтың шығармашылық кеші өтті (ФОТО+ВИДЕО)
Н.Жантөрин атындағы облыстық филармонияның ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Сәлімгерей Садықовтың «Жаса, жаса, туған ел!» атты шығармашылық кеші өтті.
Ол – өз ісінің хас шебері, дирижерлікпен қатар, күй өнерінің де үздігі. Тамаша талант иесі туған елге келіп, ыстық лебізін құр сөзбен емес, нақты іспен дәлелдеді. Кеште облыстық филармонияның халық аспаптар оркестрі С.Садықовтың дирижерлігімен күй атасы Құрманғазының «Серпер», «Сарыкөл самар», халық күйі «Ел айырылған», халық әні «Гүлжан Сара», «Көшпенділер», «Анама хат», Нұрғиса Тілендиевтің «Махамбет поэмасы» шығармалары тыңдарман жүрегіне жол тапты. Қазақтың қара домбырасы мен басқа да ұлттық аспаптарымыздың сүйемелдеуімен орындалған шетелдік композиторлардың туындылары да әсерлі шықты.
Шара барысында С.Садықтың Алматыдан келген ұстазы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының профессоры Карима Сахарбаева шәкіртін құттықтады.
– Атыраудағы осындай игі шараларға құлағымызды түре жүріп, әрқашан қолдап отырамыз. Сәлімгерей – өмірде де, өнерде де өз бақытын тапқан адам, – деді ол.
Сонымен бірге, оның шашбауын көтеріп келген ел ағалары өлең шумақтарын арнап, ақ баталарын берді. Соңында облыстық мəдениет, мұрағаттар жəне құжаттама басқармасының басшысы Саламат Сабыр облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың атынан құттықтаса, Д.Нүрпейісова атындағы музыка колледжінің директоры Г.Садуахасова жылы лебізін білдірді. Ал, кеш иесі өз кезегінде туған жеріне деген шексіз ілтипаты мен алғысын жаудырып, естелік ретінде облыс әкіміне қазақтың қара домбырасын сыйға тартты.
Гүлдана ЖАМБОЗОВА