Атырауда есірткіге әуес жасөспірімдер азайып келеді
Аймақ басшысының орынбасары Нұрсәуле Сайлауованың төрағалығымен облыс әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның көшпелі отырысы өтті. Онда алдымен жасөспірімдер арасындағы нашақорлықтың алдын алу туралы мәселе қаралды. Бұл жайында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мәншүк Аймұрзиева баяндады.
2017 жылы облыста арнайы есепке алынған жасөспірімдердің саны 8-ге жеткен. Оның ішінде алкогольді ішімдіктерді тұтыну дерегі мен есірткі заттарды қолданған жасөспірімдер тіркелген. Осылайша, 2016 жылмен салыстырғанда, көрсеткіш айтарлықтай төмендеген.
Облыстық білім беру басқармасы мен наркологиялық диспансер басшылығының өзара келісіміне сәйкес, өткен жылы Атырау қаласындағы колледждердің бастапқы курсында оқитын студенттер нашақорлыққа қарсы тестілеуден өткен. Нәтижесінде, 2492 студенттің ішінен бес жасөспірімге қатысты «оң» қорытынды шығарылған. Күдіктілер тізіміне енгізілген жасөспірімдер наркологиялық диспансердің есебіне қойылмағанымен, олармен профилактикалық жұмыстар жүргізілген.
– Осының бәрі өскелең ұрпақтың салауатты өмір салтын ұстанып, есірткіге елітпеуі, керісінше оларды қоғамға қауіпті кеселден сақтандыру үшін атқарылып отырған жұмыстар. Сондықтан да бұл үрдіс алға қарай да жүйелі жалғасын табады, — деді Мәншүк Құдайбергенқызы.
Көшпелі отырыстың күн тәртібінде екінші болып Махамбет ауданы әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның жұмысы қаралды. Ауданда жасөспірімдердің бос уақытын тиімді өткізу мақсатында аула клубтарының жұмысын жандандыру көзделген. Есепті мерзімде 15 ата-ана мен екі жасөспірім әлеуметтік оңалту, түсінік жұмыстарымен қамтылса, ұсақ бұзақылық жасаған жасөспірімдерге қатысты 135 әкімшілік хаттама толтырылған.
Бұдан кейін арнайы тренинг өткізіліп, соңы «Қыз бала – ұлттың ұяты, халықтың шырайы» атты театрландырылған тәрбие сағатына ұласты.
Дәулетқали АРУЕВ.