Атырауда ерекше алаң ашылды
Атырау қаласында мүмкіндігі шектеулі жандар үшін Авангард ықшамауданынан арнайы жаттығу алаңы ашылды. Онда тірек қозғалысы нашар жандарға тегін дене шынықтырып, спортпен айналысуға мүмкіндік туды.
Бір ай бұрын жоспарланған алаң екі апта ішінде дайын болған екен. Ол әдеттегі спорт алаңдарына ұқсас, тек бір айырмашылығы, мүгедек жандарға икемделіп жасалған.
Мүмкіндігі шектеулі болғанымен, құлшынысы шексіз жандар үшін мұндай сый жасау жөнінде ой «Қазақ зағиптар қоғамы Атырау» кәсіпорнының директоры Әли Сеидовқа тосыннан келіпті. Сөйтіп, ол жергілікті әкімшілікке хабарласып, ондағылар да игі бастамаға қолдау білдіріпті.
«Шексіз таланттар» мүмкіндігі шектеулі жандар мектебінің директоры Гүлсина Байкенова қамкөңіл жандарға қамқорлығын аямайтын Қазақстан халқы ассамблеясына да шексіз алғысын білдіреді.
Бірінші топ мүгедегі Есболат Балбаев осында Дамба ауылынан қатынап жүр. «Бізде ондай алаңдар жоқ. Бүгін қуанышымызда шек жоқ. Мұда тек спортпен ғана айналысып қоймай, тағдырлас достар табуға да мүмкіндік бар» дейді ол. Өңірдегі қайырымды жандар осындай нысандардың санын алдағы уақытта көбейтуге ниетті.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ