Атырауда азық-түлік бағасы тұрақтанды
Қалалық кәсіпкерлік және туризм бөлімінен алынған мәліметтерге қарағанда, осы аптадағы Атырау базарларындағы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының орташа бағасының айтарлықтай өзгермей, тұрақтай бастағандығы аңғарылып отыр.
Осылайша,1 келі бидай ұны (бірінші сұрыпты) «Дина», «Көктем» базарларында – 130, «Сарайшықта» 120 теңгеге бағаланды. Ал, «Насиха» мен «Байзар» сауда орталықтарында–120-130, «Анвар», «Идеал-Насиха» супермаркеттерінде–110-130, «Лидер» халықтық дүкендерінде («Тамаша», «Салтанат», «Сұлу» ойын-сауық орталықтарында және әрбір мөлтекауданда орналасқан) 120 теңгені құрады. Қала бойынша орташа баға 123 теңгеге тұрақтады.
Осы мерзімге макарон өнімдерінің ең жоғары бағасы (185 теңге) «Дина» базарында, орташасы (170 теңге) «Көктемде» және ең төмені (150 теңге) «Сарайшықта» тіркелді. Бұл базарларда күріштің 1 келісі 215-250-200 теңгеден сатылды. Сәйкесінше, қант та 280-275-200 теңгеден саудаланды.
Халық көп тұтынатын сиыр етінің бір келісі аталған базарларда 1500-1700-1400 теңгеден, құс (тауық) еті 480-685-550 теңгеден, 10 дана жұмыртқа 190-207-150 теңгеден өткізілді. Бұдан бөлек, пакеттегі сүт өнімдері 230-250-210, айран 230-310-200 теңгеден босатылды. Сол сияқты, 1 келі сары майдың құны да бұрынғысынша, 360-1200-660 теңгесімен қалды.
Бұл аптада тұтынушылардың жоғары сұранысына ие ауыл шаруашылығы тауарларының, әсіресе, егін өнімдерінің бағасында да әнебір ауытқушылық байқалмады. Соның ішінде, картоп дақылы барлық базарлар мен «Лидер» халықтық дүкендерінде бірдей, 130 теңгеден, көкөніс дақылдарынан, сәбіз 185-250-170, пияз 190-250-170 және қырыққабат 175-200 теңгеден сатылғандығы белгілі болды.
Дәулетқали АРУЕВ