Венгриялық антропологтар Миялы қорғанынан табылған «темір сауытты» жауынгерге зерттеу жүргізеді

whatsapp image 2021 01 09 at 00.05.42 3 Жаңалықтар

«Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов Венгрия Республикасының антрополог және археологтарын қабылдады»,- деп хабарлайды Атырау облыстық коммуникациялар қызметі.


Мажарстанның ғалымдары Атырауға арнайы мақсатпен келген. Олар Қызылқоға ауданы Миялы қорғанынан табылған «темір сауытты» баһадүрдің бас сүйегіне антропологиялық және радиокорбондық зерттеулер жүргізіп, реконструкциялық мүсінін жасайды.

Олардың қатарында Венгр жаратылыстану ғылымдары музейінің антропологы, Мажар-Тұран қорының президенті Андраш Жолт Биро, Венгр жаратылыстану ғылымдары музейінің антропологы Жолт Бернерт пен Венгр жаратылыстану ғылымдары музейінің археологы, сарапшы-техник Норберт Гогош бар.


Өз сөзінде аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетов Тәулсіздік алғаннан бері ұлттық тарихты түгендеуге қатысты ауқымды жұмыстар толассыз жасалып келе жатқанына тоқталды. Сонымен қатар, ежелгі тарихты бүтіндеуде мажар ғалымдарының мол тәжірибесінің пайдасы тиетініне сенетінін жеткізді.  


«Тарихшыларымыз Атырау өңірінде әлі зерттеуді қажет ететін 700-ден астам қорған бар дейді. Олардың зерттелгендері саусақпен санарлық. Қазіргі таңда көне Сарайшық қаласында қазба жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оны әлі де тереңдете түсуді ойластырып отырмыз.

 Сондай-ақ, соңғы жылдары көптеген құнды жәдігерлер де табылуда.   
Жалпы еліміздің тарихы терең екенін жақсы білесіздер. Зерттеу жұмыстарына заманауи технологияларды пайдалана отырып жүргізу, ашылған жаңалықтарды әлемдік деңгейде ғылыми айналымға енгізу сияқты жасалатын жұмыстар көп. Бұл ұлтымыз үшін, келешек ұрпақ үшін жасайтын басты міндеттеріміздің бірі деп санаймын. Бұның барлығы айналып келгенде жас буын үшін тарихи сана қалыптастырудың негізі болмақ»,- деді Махамбет Досмұхамбетов.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз