Атырауда автобустардағы онлайн төлем жүйесінің пилоттық жобасы іске қосылады
Онлайн төлемдер үшін қалаға 200 төлем құрылғысы әкелінді, деп хабарлайды өңірлік коммуникациялар қызметі.
Бұл туралы Атырау қаласы әкімінің орынбасары Мейірім Қалауи баспасөз жиынында мәлімдеді. Наурыз айынан бастап мұнайлы астанада Елбасының «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында автобустардағы төлем қызметін автоматтандыру бойынша жұмыстар басталған болатын. Қазіргі таңда жұмыстар жоспарға сай жүргізілуде. 15 қыркүйектен бастап №14, №5 автобустарда онлайн төлем жүйесінің пилоттық жобасы іске қосылады.
«Бүгінде «Смарт ЖКХ» мекемесі 6 тасымалдаушы мекемемен келісім шартқа отырды. 200 төлем құрылғысын 1 қазаннан бастап барлық автобустарға орнатуды жоспарлап отырмыз. Мақсат – қоғамдық көліктердегі ашықтықты қамтамасыз ету. Құрылғы күнделікті түскен қаражатты, жолаушылар санын автоматты түрде есептеп, жүйеге енгізіп отырады. Жиналған қаражат есебінен төленетін салық та ескерілетін болады»,-дейді Мейірім Қалауи.
Пилоттық жоба кезінде жолаушылар төлемдерді құрылғы арқылы қолма-қол төлейді. Жүйе тұрақты іске қосылғаннан кейін, арнайы төлем карточкаларын енгізу жоспарланған. Жол қатынасы кезінде жеңілдік алатын студенттер, зейнеткерлер және т.б. тұрғындарға да арнайы карточкалар дайындалатын болады. Құны — 300 теңге және бір реттік жүру бонусы бар. Бұл ретте «Смарт ЖКХ» мекемесінің өкілі Ерлан Нұрланұлы төлем түрлеріне нақтырақ тоқталып өтті.
«Электронды төлем Астана, Алматы қалаларында оффлайн түрде іске қосылған. Біздің жүйенің өзге қалалардан артықшылығы – онлайн төлем. Бұл арқылы кез-келген жолаушы туралы ақпарат енгізіледі, автобустар бір-бірімен байланыста болады, күнделікті жұмыстары қорытындыланып отырады. 9 түрлі төлем болады: қолма-қол, карточкалар, Bluetooth, NFC қосымшасы бар смартфондар, смс xабарлама арқылы, т.б.»,-дейді ол.
Жаңа құрылғымен қоса, қыркүйек айының соңында қалаға 20 жаңа автобус келеді. Жыл соңына дейін тағы 100 автобус әкелінеді. Жаңа қоғамдық көліктерде төлем құрылғысы орнатылған.
Айқара Ғұмар